Қала күнінің қарсаңында екінші аймақтық "Жайық сазы" дәстүрлі ән фестивалі болып өтті. Аталмыш шара Жайық өзенінің жағалауында ұйымдастырылды.

Шараға еліміздің түпкір -түпкірінен келген 30-ға жуық өнерпаз қатысып, бақ сынады. Дәстүрлі ән думанынан бөлек, биылғы жылы қала күнін тойлау "Орал шеберлер қаласы-2018" атты көрмеден басталған болатын. Көрмеге отыздан астам шебердің тырнақ алды туындылары қойылған.
"Жайық сазы" дәстүрлі ән фестивалі осымен екінші мәрте өтіп отыр. Аталмыш шара Елбасының "Болашаққа бағдар: "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында қала күні қарсаңында ұйымдастырылды. Ән фестиваліне қатысушылар елдің түпкір-түпкірінен ат арылтып келген.
Былтырғы жылы ұйымдастырылған облыс көлемінде ән фестивалі қала тұрғындарының көңілінен шыға білді. Өткен жылы Ақжайық жұртшылығына тамаша тарту жасаған өнер иелері осы аталмыш фестивальға қатысқан жандардың өнеріне баға беріп, ақыл-кеңестерін айтып отырды. Сахнаға шыққан әрбір өнерпаз дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындап, күйшілердің баршасы домбыраның құлағында ойнады. Шара ұйымдастырушылары "Жайық сазы" дәстүрлі ән фестивальін келешекте ұйымдастыруды көздеп отыр.
Ал "Орал шеберлер қаласы-2018" атты көрме алдымен өнер иелері даярлаған концерттік бағдарлама басталып, Оралдықтарға тарту жасады. Қала тұрғындары мен жалпы жастардың сүйікті мекеніне айналған «Арбат» деп аталып кеткен Дина Нұрпейісова көшесі құдды кешегі қазақ ауылының кейпіне енгендей әсер қалдырды. Бұл жерге киіз үй тігіп, шеберлер тырнақ алды туындыларын бұқараға таныстырып жатты.
Көрмеге туындыларын қойған өнер иелері бұқара халықтың қызығушылығын атап өтті. Бұндай шаралар шеберлер үшін керек екендігін тілге тиек еткен ұйымдастырушылар болашақта көрмені жетілдіріп, қатысушылар санын арттырмақ ниеттері барын айтып берді. Шеберлердің қолынан шыққан туындылардың көрмесі сегізінші қыркүйекке дейін жалғаспақ. Бұл жерден сирек кездесетін, нағыз қолөнер бұйымдары мен киім-кешектерді талғампаз жандар тапсырыспен алып немесе дайын күйінде сатып алуына болады. Өнері мен өнегесі көпге үлгі болған жандардың еңбегін көпке үлгі қылып, паш етудегі мақсат-осы кәсіпті, дәстүрлі шараны жас шеберлер мен өнерпаздарға насихаттау болып табылады.
Арман КУРМАНАЛИЕВ