14 сентября 2017

Оралда «Ұлттық жоспарының» қадамдары орындалуда

Қоғамдық көлік тізгіндегендердің тәртібі сын көтермейді. «Автобус» атты үш күндік жедел алдын алу іс-шарасының нәтижесінде 242 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек тағы 5 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Іс-шара «Ұлт жоспарының» 30-қадамы, яғни ұсақ құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын жүзеге асыру мақсатымен ұйымдастырылды. Автобус жүргізушілерінің жүгенсіздігін жолаушылар жыр ғып айтады. Жылдамдықты асырып, желмен жарысып, есіріп айдайды. Қарбалас уақытта аузы-мұрны лық толы автобустың тізгінін ұстап келе жатса да, телефон тұтқасы қолынан түспейді. Жол қозғалысы ережелеріне пысқырмайды. Мұны бүгін тәртіп сақшылар да дәйекті деректермен растады. Үш күндік іс-шарасының нәтижесінде 242 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. - Жылдамдықты асырғаны үшін 25 жүргізуші, жол үстінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін 65, маневрды бұзғаны үшін 69 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, - дейді БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары міндетін атқарушы Манарбек НӘЖИЕВ. Жаяу жүргіншілерді жолдан өткізбейтін жүргізушілер бар екен. Бұл бағытта 8 шопыр жауапкершілікке тартылған. Тиісті куәлігі жоқ 13 адам және басқару құқығы жоқ, яғни құжаттары болмаған 14 адам қоғамдық көліктің рөліне отырған. Заңды белден басқандардың бәрі де әкімшілік жауапкршілікке тартылған. Үш күндік шарада жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындардың қарамағындағы жүргізушілердің еңбек демалысын сақтамайтыны да анықталды. Тіпті медициналық тексерістен өтпей, көліке отырғандар да бар. Бұған кәсіпорын өкілдері еш уәж айтпады. Есесіне, өз ұсыныстарын алға тартты. - Жолда неше түрлі жағдай болады. Басқа көліктер автобустың жолын жиі кеседі. Мәселен, сондай оқиғаның бірінде жол апатын болдырмас үшін біздің жүргізуші кенет тоқтап қалып, бір жолаушы жеңіл жарақат алыпты. Бірақ ол кісі жүргізушіге сол жерде кінә тақпайды. Бірнеше күн өткен соң ауруханаға барып, шағымданыпты. Жүргізушіні бір жылға көлікті жүргізу құқығынан айырып тастады. Сонда ол жолаушы неге бірден, сол күні шағымданбады? Бәлкім, ол бірнеше күн өткен соң, басқа жерде жарақаттанған шығар. Сұрақ көп. Арыз-шағым берудің күнін, уақытын нақты белгілесеңіздер, - дейді «Орал техсервис» ЖШС директоры Александр БАКЛАН. Жыл басынан бері автобустардың қатысымен 10 жол апаты болған. Онда 6 адам қаза тауып, 28-і жарақат алған. Үш күндік шараға 230 тәртіп сақшысы қатысқан. Жол апатының алдын алу мақсатындағы мұндай шаралар жарияланбай-ақ, былай күндері де жалғаса береді. Бейнебақылау камераларының көмегімен құқықбұзушылықтар әшкереленеді. Ал қоғамдық көліктердегі тазалық, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігі, мәдениетсіздігі мәселелері бойынша қалалық әкімдік шара қолданбақ. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp