Күні бүгінге дейін жазатайым оқиғалар салдарынан 4 адам қаза тапқан. Еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 260 дерек анықталған. Бұл түрлі меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардағы тексеріс қорытындысы. Өңірдегі 6 мекеме өз жұмысшыларына 53 млн. теңге жалақы берешегін енді сот жүзінде өтемек. Бұл мәліметтер бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.

Қарапайым жұмысшының маңдай тер, табан ақысын төлемеген кәсіпорындармен әңгіме қысқа. Тек соңғы үш жылда 647 кәсіпорынның 807 млн теңге жалақы берешегі өтелген. Ал жыл басынан бері
86 кәсіпорында 700-ден астам жұмысшының еңбекақысы қайтарылған. Бірақ әлі де қарауындағы қызметкерлерге тегін жұмыс істеткісі келген бірнеше мекеменің ісі сотта қаралып жатыр. Жалақы төлемеудің басты себептері - кәсіпорынның экономикалық жағдайы және басшылықтың еңбек кодексі талаптарын сақтамауынан дейді облыстың бас еңбек инспекторы.
- Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, облыста жалақы берешегі 53 миллион теңгені құрады. Бұл 6 мекеме - сот шешімімен банкроттық және реабилитациядан өтіп жатқан мекемелер. Және де жеке сот орындаушыларда екі іс бар. Барлығы 8 мекемеде қарызды қайтару бойынша іс қаралып жатыр, - дейді
БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы АЗАМАТ АЙТУЕВ.
Брифингте былтырғымен салыстырғанда, жазатайым оқиғалардың азайғаны айтылды. Алғашқы 6 айда 24 оқыс оқиға тіркелген. Салдарынан 32 адап зардап шегіп, 2 жұмысшы қаза тапқан. Алайда шілде, тамыз айларында да жұмыс кезінде 2 адам опат болғаны ел есінде. Оның бірінде «Металлинвест» кәсіпорнында жұмыс кезінде кран жүргізушісі көз жұмды. Тексеріс барысында комиссия жұмыс берушінің кінәсін анықтаған. Ал өткен аптадағы Ақсай қаласында болған оқыс оқиға жайлы да іс қозғалды.
- Ақсай қаласында «Ақсай жылу қуат» мекемесінің қызметкерлері траншеяны қазып жатқан кезде шұңқырдың қабырғасы құлап, үйінді астында қалды. Бір адам сол жерде қаза тапты. Екі жұмысшы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға бақылауға алынды. Қазіргі таңда комиссия құрылып, тексеру жүрып жатыр. Кімнің кінәсінен екенін қорытынды шыққан кезде айтамыз, - деп түсіндірді
БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы АЗАМАТ АЙТУЕВ.
Еңбек дауларын уақтылы шешу – әлеуметтік шиеленістердің алдын алудың басты кепілі. Соңғы үш жылда 7 мыңға тарта жұмысшының құқығы қорғалған. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жалғаса бермек.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ