Оралда «EXPO-2017» кеңсесі ашылды. Бұл жерде халық көрмеге қатысты барлық мағлұматпен таныса алады. Бір аптаның ішінде 1 мыңнан астам тұрғын мамандар кеңесіне жүгінген.

Кеңседе call-орталық та іске қосылды. Қауырт желі арқылы Экспо билеттеріне онлайн-тапсырыс беруге болады. Орталық мамандары үш тілде қызмет көрсетеді. Тіпті қытайша да кеңес беруге әзір. Әсіресе, ұсынылатын жеңілдіктерге байланысты сұрақтар жиі қойылады.
- Мұнда ЭКСПО-2017 көрмесінде қандай іс-шаралар өтеді және түрлі ойын-сауық, мәдени іс-шаралар, сол көрмеде қойылатын заттар жайлы ақпарат ала аласыздар. Студенттер, оқушылар, көп балалы отбасыларға арналған 50 пайыздық жеңілдіктер бар. Ал тегін кіру билетері ҰОС ардагерлері, мүгедектер тегін билет арқылы кіре алады, - дейді call-орталық қызметкері Серік ЕРКІНОВ.
Оқушылардың көрмені көруі үшін Білім және ғылым министрлігі әр аймаққа квота бөлгені мәлім. Облыстан 1,5 мың дарынды және әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасылардың ұл-қызы халықаралық көрмені тегін тамашалайды. Әзірге әлем назары түскен шараны тамашалауға Батыс Қазақстаннан 13 мыңдай тұрғын билет сатып алған.
- Сонымен қатар, қосымша 5 мыңға жуық оқушы халықаралық көрмені көруге Астанаға барады. Маусым-қыркүйек айлары аралығында елімізге миллиондаған турист келеді деп күтілуде. Біздің облыста да ЭКСП-ға орай тарихи аймақ - Бөкей Ордасы ауданы, Шалқар көлі мен Орал қаласының көрікті жерлеріне экскурсиялық маршрут жасалған. Сондықтан өңірімізге келушілер үшін жан-жақты ақпарат беретін орталықтың болғаны дұрыс, - дейді БҚО әкімінің орынбасары Игорь СТЕКСОВ.
Жазғы демалысын пайдаланып, халықаралық көрмені тамашалауға жиналғандардың бірі – студент Гүлсана Тыныштықова. Бүгін ол call-орталыққа арнайы келді. Мұндағы қызметкерлер оған елордаға баратын пойыз билетінің құнынан бастап, көрме аясында өткізілетін мәдени шаралар, қонақүйлер тізімі мен ұсынылатын жеңілдіктер жайында мәлімет берді.
Ақпараттық топ қызметкерлері бұл шараға билетті өзіміздің өңірден сатып алуға кеңес береді. Себебі, «жасыл дәліз» арқылы көрме аумағын еш кедергісіз аралауға мүмкіндік туады. ЭКСПО-кеңсесіндегі call-орталықтың нөмірі - 30-37-35.
Арман КУРМАНАЛИЕВ