Қауіпсіздік қалғымайды. Оралда «SMART CITY» жобасының аясында 300 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Оның 200-і қоғамдық орындар мен жол бойында, ал қалғаны – тұрғын үй аулаларында. Бұл шара құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыстың ізін суытпай ашуға ықпал етпек.

Орал қаласындағы тәртіп тәулік бойы сақшылардың назарында. Көше қиылыстары мен қоғамдық орындар, әкімшілік ғимараттар маңында бүгінде 106 бейнебақылау қондырғысы орнатылған. Енді «Ақылды қала» жобасының аясында тағы 200 камера шаһар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Бұл іске жеке инвесторлар тартылып, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады.
- Орнатылатын 200 бейнебақылау камерасына мемлекет тарапынан қаражат қарастырылмаған. Оны жеке кәсіперлер орнатады. Өздері барлық сервистік бқызметті көрсетеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестестік бағдарламасының аясында олар алдағы жылдары ол ақша қайтарымды болады мемлекет тарапынан, - дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек ҚАЙСАҒАЛИЕВ.
Бұған қоса бүгінде «Қауіпсіз аула» жобасының аясында қалада 246 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Биыл тағы 100 қондырғы орнату көзделген. Қаржы көзі облыстық бюджеттен бөлінбек. Бұл жоба өз-өзін ақтап келеді. Өйткені өткен жылы бейнебақылау камералары арқылы 700-ден астам құқық бұзушылық пен қылмыс ашылған. Мәселен, ұрлық-қарлықтың үштен бірі тұрғын үй аулаларында болады. Сондықтан қыракөз техниканың қойылғаны құба-құп дейді оралдықтар.
- Аулада камералардың болғаны, әрине, жақсы. Барлық өркениетті қалаларда солай. Сонда тәртіп сақшылары уақытылы келіп, бұзақыларды дер кезінде ұстар еді, - деп өз пікірін білдірді Орал қаласының тұрғыны Игорь ПРЕДАТЬКО.
Алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасының аясында қоғамдық көліктер де қосымша GPS құрылғылармен қамтылмақ. Сол кезде автобустардың жүру қозғалысы ортақ монитор арқылы бақыланады. Сондай-ақ шаһардағы үш интеллектуалды қиылысқа тағы 5-уі қосылмақ. Ал көшелерге 40 авторадар қойылады.
Содан басқа, Орал қаласында «Қауіпсіз аула» жобасының аясында қойылған бейнебақылау камераларының арқасында жыл басынан жүзден аса қылмыс ашылды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ