Оралда тағы 2 апатты үй сүрілді

Оралда тағы 2 апатты үй сүрілуде. Қабырғасы қақырап, құлаудың аз-ақ алдында тұрған қос баспана осыдан 60 жыл бұрын салынған. Скоробогатов көшесіндегі апатты үйді паналап келген 17 отбасы келер жылы сыры кеппеген жаңа көпқабатты тұрғын үйге қоныстанатын болады. Жетпістен асқан кейуана Мария Арыстанова Скоробогатов көшесіндегі ескі үйге 20 жыл бұрын көшіп келген. Тұрмыстық жағдайға байланысты ауылдан қалаға бет алған жанұяның бар жиған терген ақшасы осы баспанаға жетіпті. Жылдар өткен сайын үйдің қабырғалары әбден жарылып, іргетасы отырып кеткен. Кейуана мамыр айында отбасымен бірге көршілері секілді уақытша баспанаға көшірілді. Сәтін салса, келер жылы өз мекен-жайларына қайта оралады... Тек апатты емес, сыры кеппеген жаңа үйге. - Өте қуаныштымыз! Жаңа ғана салынатын үйдің жобасымен танысып, суретін көрдік! Өзімізге ұнады. Осы күнді 20 жыл бойы аңсап келген едік дейді аталған үйдің тұрғыны Мәрия Арыстанова. «Евразия» аялдамасы маңында орналасқан қос баспана 58-ші жылдары салынған. Тозығы жеткен ғимарат апатты деп танылғалы он жыл өткенмен, құрылыс жұмыстары биыл ғана басталды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында енді бұл жерде 64 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді. - Бағдарламаға бірінші рет қатысқалы отырғанымызбен, жүктелген міндетті абыройлы атқарамыз деген ойдамын. Сәтін салса, алдағы уақытта осы бағдарламаға тағы да қатысатын боламыз. Бастысы - мемлекет тарапынан қолдау бар дегенді айтады мердігер Замир Сәрсенбаев. Жалпы, өңірімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында алғашқы нысан былтыр пайдалануға берілген болатын. Бүгінде 10 апатты үй сүрілген. Нәтижесінде жүзге жуық жанұя жақында қоныс тойын тойламақ. Сонымен қатар, облыс орталығында қазір 43 ескі үй тіркелген. Алдағы жылы оның 11-і бұзылып, 97 отбасыға жаңа баспананың кілті табысталады. - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында апатты үйлерді сүріп, жаңасын салу жұмыстары қалада қарқынды жүруде. Шаһардың көрікті жерлеріндегі тозығы жеткен тұрғын жайлар бұзылып, олардың орнына зәулім үйлер бой түзейді. Бұндай әдістің тиімділігі, апатты үй тұрғындарын толғандырған мәселелердің шешілуі, - дейді орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Аталған мемлекеттік бағдарлама шаһардың шырайын келтіруге де зор септігін тигізеді. Ескі ғимараттардың орнына әсем ғимараттар бой көтеріп қана қоймай, аулалар абаттандырылады. Мердігер балалар ойын алаңы мен шағын көлік тұрақтарын салуды да жоспарлап отыр. Скоробогатов көшесіндегі апатты үйлерді сүру жұмыстары алдағы 2-3 аптада аяқталады. Мердігердің айтуынша, жаңа көпқабатты тұрғын үй келер жылдың соңына дейін тапсырылады. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp