Project 21 day`s жобасы 21 күн ішінде жастарды жақсылыққа баулыды
Жастар – қоғамның ең серпінді және белсенді топтарының бірі. Қазіргі таңда жастар ұлттың болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Еліміздің қарқынды дамуына өз үлесінқосатын жастар өмірінің кейбір аспектілеріне шолу жасар болсақ...
Қазақстан адам ресурстары жеке ұйымының теолог маманы Қуан Арматтың айтуы бойынша, бүгінде елімізде жастар зор мүмкіндіктерге ие болып отыр. Негізгілерінің бірі – білім беру. Сапалы білім алуға ұмтылу жастар үшін басымдық болып табылады. Елімізде білім берудің қолжетімділігі үшін жағдай жасалған және жастар бұл мүмкіндіктерді белсенді пайдаланады.
– Одан бөлек жастардың бос уақытын тиімді пайдалану да күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Ғылыми-техникалық дамудың жеделдеуіне орай жастардың жұмыс пен сабақтан бос уақытта мәдени өмірге араласып, рухани және жеке қабілеттерін дамытуға көңіл бөлуі қуантарлық жағдай.Себебі қоғамда орын алатын әрбір әлеуметтік- экономикалық, саяси және мәдениөзгерістер тұлға санасына әсер етпей қоймайды. Жаңа өмір сүруге бейімделіп келе жатқан боз бала мен бойжеткенді қоғамның небір сын-қатерлерінен алшақтатып, тура жолға бағыттайтын әдеби-сазды, діни, спорттық, мәдени және рухани клубтар мен жастар орталықтарының көбеюі еліміздің бүгіні мен ертеңін ойлайтын зиялы қауым өкілдерінің көрегендігінің жемісі деп білеміз, - дейді Куан Армат.

Мысал ретінде теолог маман ел мүддесі үшін 2022 жылдан бері жастарға зор мүмкіндік сыйлап келе жатқан «RUH TEAM» оқырмандар клубын келтірді. Жастардың жарқын болашағын қалыптастыру жолында олардың қарқынды қадам жасауына себепкер болу мақсатын ту қып ұстаған клуб мүшелері тарапынан бүгінде бірнеше көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды.
–Жалындап тұрған жас өрендерді жинап әр түрлі жанрдағы кітаптарды талқыға салып, тұжырымды ойлар мен тұшымды пікірлермен алмасуда. Кітапты жай оқып қоймай, тұлға болып қалыптасу үшін ең қажетті дағдыларды бойға сіңіру мақсатында оқырмандар клубы өлкеміздің 14-35 жас аралығындағы жастары үшін пайдалы әдет қалыптастыруға септігін тигізетін Project 21 day`s жобасын өткізді. Жобаның басты шарттарына сәйкес әрбір үміткер күнделікті ерте тұруға, спортпен шұғылдануға, кітап оқып, тарихқа үңіліп тың ақпараттармен танысып, жақсылықтың жаршысы болуға машықтанды. Жоба қатысушылары 21 күн бойы ұйымдастырушылармен тығыз байланыста болып, әрбір жасалған әрекетіне есеп беріп отырды. Бұл іс-шара жастардың мәдени ортамен тәжірибе алмасуға және білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етті.«Project 21 day`s» бағдарламасы соңында жастардың бойына біраз қанат бітіргенін байқауға болады, - дейді Қуан Армат.

Кітап оқу процесі – адам миының мүмкіндіктерін ашатыны сөзсіз. Адам миын жұмыстандыру арқылы ғажап нәтижеге қол жеткізе алады. Бір сағат теледидар қарағаннан гөрі, 15 минут кітап оқу миға көбірек әсер етеді. Бұл байқалмайтын құбылыс. Бірақ 21 күн бойы жалқаулыққа салынбай әрекет етіп көрсеңіз, нәтижесі көңіліңізден шығары анық. Әр адам бос уақытын өзінше бір нәрсеге арнайды. Бірақ бос уақытты ұтымды етіп өткізу әлдеқайда тиімді. Дұрыс әрі тиімді етіп ұйымдастырылған бос уақыт – сіз бен біздің рухани өміріміз бен көзқарасымыздың толықтырылуын қамтамасыз етеді.
– Сөз соңында:«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады», - деп Абай атамыз айтпақшы, жаңалыққа жаны құмар, көзі ашық көкірегі ояу жастар – еліміздің ертеңі. Сол себепті әрекет етейік, ізденейік, биікке бірге өрлейік! – деп қорытты теолог маман.