Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылының қоқыс полигонында медициналық қалдықтарды топыраққа көмген видео таралды. Оқиға бесінші маусымда болған еді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева қоқыс полигонынан табылған медициналық қалдықтарға байланысты тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және экология департаментінің мамандары бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтар төгілген полигоннан сынама алған. Оның нәтижесі 3-7 күнде белгілі болмақ.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада медициналық қалдықтар су айдына жақын жерде көмілгені жайлы айтылды. Гүлдана Кереева табылған қалдықтар судан 450 метр қашықтықта табылғанын жеткізді. Сала мамандары судың құрамын тексермек.

– Бүгінгі таңда біздің мамандармен осы медициналық қалдықтарды жатқан жері хлор өнімі бар препараттармен залалсыздандырылды. Аталған медициналық қалдықтар құқық қорғау органдарымен мөрленіп, шаруашылық субьектісіне сақталуға берілді, – деп хабарлады Гүлдана Кереева.

Байқоныстан табылған медициналық қалдықтың салмағы да белгілі болды. Алдын ала есеп бойынша қалдықтың салмағы 144 келіні құрапты. Тергеп-тексеру амалдары аяқталғасын, медицинадық қалдықтарды полигонға төккен мекеменің айыбы дәлелін тапса, компания айыппұл төлейді. Сала мамандары мұндай медициналық қалдықтарды жоюдың арнайы ережесі барын айтып, оны жіпке тізді.

– Бүгінгі күнгі заңнамаға сәйкес мұндай медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау және оны өңдеу мекемелері оларды міндетті түрде "муфельді пеш" деп айтамыз. Сол пеште өртеу қажет. Облыста (медициналық қалдықтарды-ред.автор) тасымалдайтын бірнеше мекеме бар. Компания белгілі бір медициналық мекемемен келісімшартқа отырса, медициналық қалдықтарды алып кетеді, ары қарай тасымалдайды және өртейді, - деді Гүлдана Кереева.

БҚО-да қоқыс полигонынан шприц, инфузиялық жүйе мен биологиялық материалы бар сынауықтар табылды