«Ақжайық» телеарнасында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен «Әкім сағаты» бағдарламасы өтті.

Осымен екінші рет ұйымдастырылған тікелей эфирде өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап қатты. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамту, Елбасы тапсырмасы. «Әкім сағаты» жобасы бұл бағыттағы маңызды қадам. Әкім алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, өндірістің өрісі, кәсіпкерліктің аяқ алысы, құрылыстың қарқыны қазіргі таңда қуантады. Аталған салаларда өсім бар. Әсіресе Оралды гүлдендіруге, батыс үлгісіндегі замануи қалаға айналдыруға мән берілуде.
- Саратов бағытындағы тас жолдың бойында бос жатқан үлкен аумақ бар. Сол жерде жаңа қалашық пайда болады. «Ақжайық» атанатын шағынауданның құрылысына мемлекеттік қаржымен қатар кәсіпкерлердің инвестициясын кеңінен тарту көзделген. Жыл сайын тәжірибе жинақталуда. Бұрын көп қабатты үйлерді тұрғызғанымызға қуансақ, енді көркіне, кейпіне көп көңіл бөлудеміз. Бұл Елбасы тапсырмасы. Түрі әдемі үйлер көбейген сайын, шаһарымыз да көріктене түседі дейді, - БҚО әкімі Алтай Көлгінов.
Биыл 500 шақырымнан астам жол жөнделді. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. «Киров-Шежін» суландыру желісін жаңғырту тағы бір іргелі жоба. Мұның сыртында бірнеше су арналары ретке келтіру қолға алынды. Мұның бәрі ауыл шаруашылығының адымын аша түспекші. Ветеринарлық саладағы кемшіліктерге қарамастан аймақта төрт түліктің өсімі байқалады. Иран мен Ресейге ет экспорт жолға қойылды.
- Ауыл шаруашылығымен шұғылдану тиімді. Қазіргі таңда қандай құбылысты байқап отырмыз? Ақтау, Атырау мұнайшылары бізге келіп бордақылау кешендерін ашуда. Өйткені бізде мал шаруашылығын өрістету үшін қолайлы табиғи орта бар. Өз кезегінде біз инвестициялық климатты қалыптастырып отырмыз. Бұл біздің міндетіміз. Агросаланың өркендету және әртараптандыру мұнайға тәуелділіктен арыламыз. Оған өңірдің мүмкіндігі жетеді дейді, - БҚО әкімі Алтай Көлгінов.
Бағдарламада тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша облыс әкіміне сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Телеарнада ұйымдастырылған кол орталықтың телефондары екі сағат бойы тынып таппады. Жеке бастың қамы емес, қоғам мәселесін көтергендер көп болды. Өз кезегінде сауалдар сан салалы. Абаттандыру, жалақы мен баспана алудағы түйткілдер, ауызсудың тапшылығы. Тіпті шалғайдағы интернет мәселесі де көтерілді. Әрбіріне әкім тұшымды жауап қайырды.
Мәселен Асылбек есімді азамат, ҚПО компаниясы бөліп отырған әлеуметтік қаржыны молайту мәселесін көтерді.
- Әлеуметтік инфрақұрылымды жобаларға КПО компаниясы жыл сайын 20 млн. АҚШ долларын беріп отырады. Осы кезге дейін 320 млн. долларды өңір экономикасына құйды. Қазіргі курспен санағанда бұл 100 млрд теңгеден астам қаржы. Қазір біз, ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен инвестормен келіссізді бастадық. 20 млн-ның орнына 30 млн. долларға көтердік. Өйткені өңірде шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелер жетерлік. Бұл мәселені Амстердамда өткен басқосуда талқылап, алғашқы сатыда қолдау таптық. Олар қарсы емес, енді біз әлеуметтік жобаларды дайындауымыз керек дейді, - Алтай Көлгінов.
Березовка мен Бестау ауылдарын көшіру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, шаһарды жарықтандыру, мүгедектер мәселесі. Бұған қоса тұрғындарды жергілкті футбол клубының жағдайы да мазалайды.
- Жергілікті клубқа 1 млрд-тан астам теңге бөліп отырмыз. Мұндай қаржыға қыруар жұмыс тындыруға болады. Былтыр біз премьер-лигадан шықпау туралы талап қойған едік. Ол орындалды. Бұдан кейін ойынды жақсартып, нәтижені жақсарту қажеттігі айтылды. Бірақ бұл міндет аяқсыз қалды. Сондықтан алдағы уақытта команда дұрыс ойын өрнегін көрсете алмаса, біз қаржыны кесеміз де жастар футболына жұмсаймыз дейді, - облыс әкімі.
Жалпы тікелей эфир екі сағатқа созылып, облыс тұрғындарынан 300-ден астам сұрақ түсті. Оның ішінде 200-дей сауал ватсап желісіне, 115 телефон арқылы келді. Оның 17-сіне облыс әкімі тікелей өзі жауап қатты. Ал бағдарлама барысында қамтылмаған сауалдар облыс әкімі аппаратына жолданды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ