Жұмыспен қамту орталығы арқылы қызмет табу үрдісі жеңілдеді. «Тұрғындарды жұмыспен қамту туралы» жаңа заңға сай енді жұмыс іздеген адам жеке куәлігі арқылы ғана орталыққа келіп, бос жұмыс орындарын таңдай алады. Жаңа өзгерістердің тиімділігі жайлы келесі сюжетте толығырақ.

Иллюстративное фото из архива "МГ"
Бұрын жұмыспен қамту орталығына келгендер өзінің «жұмыссыз» екенін дәлелдеу үшін бірнеше кабинеттің табалдырығын тоздырып, қыруар құжат жинап, содан соң осы мекеменің көмегін алатын еді. Ал қазір жаңа заңға сай орталыққа келушілер, алдымен, «жұмыс іздеушілер» болып тіркеледі. Солардың бірі – Дарья Ревкова.
- Менің мамандығым – қаржыгер. Мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын, яғни еңбек тәжірибем жоқ. Бала күтімімен үйде отырып қалдым. Бүгін осында, жұмыспен қамту орталығына келдім. Міне, маған екі дүкенге әңгімелесу шарасына жолдама берді. Барып көрем, біреуіне болмаса, екіншісі жұмысқа алар деп ойлаймын. Әрі бұрын мен дүкенде сатушы болып жұмыс істеген тәжірибем бар.
Жұмыс іздеп келіп, бір күннің ішінде қызмет тауып алған жандар бар.
- Жасым 50-ге таяп қалған соң жұмысқа орналасу оңай емес, бірақ мұндағы мамандардың қағылездігіне ризамын, - дейді Тұрсын ЖАЛЕНОВА. - Бұрын жекеде жасадым. Сосын қысқарпы қалдым. Кеше осы жұмыспен қамту орталығына келдім. Бүгін қыздар жұмыс тауып берді. №5 «Сәуле» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып қызмет етемін енді.
Жұмыс іздеушілер де, жұмыс тауып берушілер де жаңа заңның тиімділігі мол екенін айтады. Қазір орталыққа келушілер тек жеке куәлікпен ғана жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі. Оған мамандар 10 күннің ішінде жұмыс тауып беруге көмектеседі. Осы аралықта қызмет табылмаса, сол кезде ғана жұмысссыздар санатына қосылады.
- Жұмыссыз ретінде тіркелген жандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстырамыз. Мысалы, әлеуметтік жұмысқа, Жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыс орындарға, қайта оқытуға жолдаймыз. Егер кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келсе, бағдарлама бойынша несие алуға көмектесеміз. Және жаңа заңға сай тағы бір өзгеріс, қоғамдық жұмыстарға бір жылда тек 6 айдан кейін ғана орналаса алады, - деп түсіндірді Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Әлия ҚУНАБАЕВА.
Қазір қала бойынша 1084 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал орталық дерек базасында 1300-дей бос жұмыс орны бар. Сондықтан жұмыс іздеген жанға таңдау бар.
Арман Курманалиев