Онда жастардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түрлі мәселелер талқыланды, деп хабарлайды "Мой ГОРОД" порталының тілшісі.

Қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маусым айында ашылған болатын. Қазір орталықта 15 маман қызмет атқарады. Яғни, оралдықтарға жоғары оқу орындарына құжат тапсыру, жұмысқа орналасу, жат ағымдардан сақтану, жаңа идеяларды іске асыру бойынша жан-жақты кеңес береді.
- Теологиялық сұрақтармен аптасына бізге 50-ден астам жастар хабарласып, жолығады. Толғандырған мәселелеріне жауап алады. Нәтижелі жұмыстардың бірі деп, «Uralsk еducation» жобасын айтуға болады. Яғни мектеп түлектері үшін жоғары оқу орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мақсат жастардың болашақ мамандық таңдауына жағдай жасау болатын, - дейді Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Оралбек Жандауов.
Ресурстық орталық қыркүйек айында жаңа жобаны қолға алмақ. «StudUnion» деп аталатын жоба негізінде 4 ЖОО мен 20 колледждің өзін-өзі басқару ұйымдарын бір арнаға тоғыстырып, белсенді студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдау көзделуде. Жастарды толғандыратын негізгі мәселе – тұрақты жұмысқа орналасу. Жыл басталғалы қала бойынша 500-ден астам жас еңбекке тартылса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 380-ге жуық оралдық қатысқан.
- Жастарды еңбекке тұрғызу, бизнеске баулу бойынша түсінік жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар жұмыспен қамтуда үнемі облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен бірлесе әрекет етеміз. Бос орындар жәрмеңкелерін, түрлі кеңестер ұйымдастырамыз. Сондай ақ жазасын өтеп шыққан жастармен жұмысты да жолға қойдық, - дейді Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Айнұр Назмұханова.
Ал екінші мәселе – жеке баспанаға қол жеткізу. Облыс орталығында соңғы рет 2013-2014 жылдары «Қожетімді баспана» бағдарламасы негізінде жас отбасыларға Зашааған кентінен 540 пәтер берілген еді. Бүгінде бұл санат бойынша тұрғын үйлер құрылысы тоқтаған. Сондай ақ кеңесте халықаралық жастар күнінде өткізілетін іс-шаралар жоспары пысықталды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ