02 декабря 2017

Жолда ана мен баланы аман сақтап қалған медбике «100 жаңа есім» жобасына енді

Тасжолдың бойында ана мен бала өмірін аман сақтап қалған ауылдық мебдике «100 жаңа есім»" жобасына енді. 29 жасар медбике далалық жағдайда жас келіншекті акушер-дәрігердің көмегінсіз өзі босандырып алған. Әрі баланың дүниеге келуі өте ауыр жағдайда өткен. Сәл қателік болса, ана да, бала да өліп кетуі мүмкін еді. Оқиға жазда Орал-Тасқала тасжолының бойында болған. Қалаға бет алған көліктегі аяғы ауыр келіншек әрі қарай шыдай алмайтынын айтып, Переметное ауылынан «жедел жәрдем» шақыртады. Бірақ ол кезде Зеленов аудандық ауруханадағы акушер-дәрігер еңбек демалысында болады. 10 минутта келіп жеткен "жедел ж"рдем" көлігінің ішінде тек медбике Елена Шушлебина ғана бар еді. Босанудың ауыр болатын себебі, бала теріс келген. Бұл патологиялық жағдай. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпейді. Лена тез шешім қабылдап, бар күш-жігерін жинап, ананы аман-есен босандырып алады. — Бұл менің ең алғашқы күрделі босандыруым болды. Бар күш-жігерімді жинадым. Әрине, қорқыныш болды. Қасымда ешкім болған жоқ көмектесетін. Біз келгенде әйел босанудың бірінші кезеңінде екен. Барлық оқыған-тоқығанымды, медициналық әдіс-тәсілді есіме түсірдім. Ана да маған көмектесті. Соның арқасында дені сау бала дүниеге келді, — дейді шілдедегі оқиғаны есіне алған Зеленов аудандық ауруханасының учаскелік медбикесі Елена ШУШЛЕБИНА. Осындай шым-шытырық оқиғада дүниеге келген қыз баланың қазір жағдайы жақсы. Есімі — Назерке. Сүп-сүйкімді сәбиге енді бір бес күннен кейін төрт ай болады. Бесінші қызын босанған Роза Тасқалаға төркіндеп келген беті екен. Отбасымен Ақтөбеде тұрады. Өзі мен шаранасының өмірін сақтап қалған медбикеге айтар алғысы шексіз. — Жолда босанып қалдым. Сіңлімнің мәшинасында. Скорый алдымыздан шықты. Молодец, әйтеуір, сондай акушеркаға тап болғаныма қуанамын негізінде. Потому что кейбірі қобалжып қалады, кейбірі қорқады. Ол сразу тек осылай болады, осылай тыңдайсың, осылай істейміз деп, бір 5-6 минуттың ішінде босандырды. Қызым аурымайды, жақсы бәрі, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Роза ДҮЙІСОВА. Дәрігерлер патологиялық босанудың қауіпті екенін айтады. Егер маман сәл қателік жіберсе, баланың мүгедек болып туылуы немесе іште өліп қалуы мүмкін екен. Жастығына қарамастан, қиын сәтте, қайрат көрсеткен Ленаны әріптестері мақтан тұтады. — Лена бізде өте елгезек. Өз ісіне өте жауапты. Дұрыс тактикалық шешім қабылданып, біздің акушеріміз бен медициналық қызметкерлеріміздің біліктілігінің арқасында ана да, бала да дені сау болып, қазір ортамызда жүр, — дейді Зеленов аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мақсат ОРАЗБАЕВ. Елена Шушлебина өзін «батыр» санамайды. Қарапайым. Ауруханада еңбек еткеніне 9 жыл болған. Әзірге Ленаның алғашқы ондықта аты озғаны белгілі болды. Жалпы «100 жаңа есім» жобасына өңірден 305 үміткердің есімі жолданған. Комиссия дауыс беруге 9 адамның есімін іріктеп алыпты. Енді олар жайлы деректі фильмдер түсіріліп, кітап шығарылып, еңбегі, ерлігі, бастан кешкен боямасыз оқиғалары насихатталады. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp