Шаһар басшысының міндетін атқарушы Мирболат Нұржанов қала әкімдігінде өткен жиында осындай тапсырма берді.

Игілік пен мейрімділік мейрамында жоқ-жітік жандарға құрбанға шалынған малдың еті үлестіріліп, "Мектепке жол" акциясы өткізілмек. Бұдан өзге мешіттер жанында спорттық шаралар оздырылады деп күтілуде. Құрбан - араб тілінде "жақындау", яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі малы шалынады. Жылқы мен тауық сынды үй жануарлары құрбандық ретінде есептелмейді. Ірі малды 7 адам бірігіп шалуға болса, ұсақ мал бір адамның отбасы атынан шалынады. Құрбан айт мерекесінің дұрыс ұйымдастырылып, жоспарланғандай өтуі үшін бірлесе атқарылған жұмыс маңызды. Бұл орайда құрбандық шалынатын орындарға арнайы маршруттар шығуы мүмкін. Құрбандық шалынатын орындар тізімі жарияланып, оған баратын жолаушы көліктері жөнінде ақпарат беріледі. Ал қасапшыларға мешітте малды шариғат бойынша қалай бауыздау, етті бұзу жөнінде арнайы семинар өткізіледі.
-«Биыл мереке 21 тамызға сәйкес келіп отыр. Құрбан айт - Рамазан айынан соң 70 күннен кейін келеді. 3 күнге созылатын мейрамда барша мұсылман қауымы құрбандық шалып, ислам дінінің міндеттерін орындайды. Қаламызда Айт күндері аймақ мешіттерінің жанынан, сонымен қатар қала бойынша санитарлық талаптарға сай қасапханалар жұмыс жасайтын болады. Нақты айтатын болсақ,құрбан шалатын орындар: «Уральские колбасы» ЖШС, «Кублей» ЖШС, «Ел ырысы» ЖШС, «Батыс адал ет» және «Құспанов» ЖШС»,-дейді БҚО бас имамы Еркебұлан Қарақұлов.
Таңғы намаз Орал қаласында 7:15-те оқылады. Тек осыдан кейін ғана сойылған мал шариғат бойынша құрбандық ретінде есептеледі. Құрбандық шалу 23 тамыз күнгі екінді намазына дейінгі уақытта орындалуы тиіс. Айта кетейік, Қазақстанның «Еңбек туралы» заңына сәйкес, 2005 жылдан бері Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып белгіленген. Биыл ол 21 тамызға тура келіп отыр. Яғни, сенбі, жексенбі демалыс күндерінен кейін дүйсенбі, 20 тамыз бір күн жұмыс істеген қазақстандықтар 21 тамыз күні қайта демалады.
Мерекенің оқу жылының қарсаңына тұспа-тұс келуіне байланысты "Мектепке жол" акциясы өткізіліп, әлеуметтік аз қамтылған отьбасыларға көмек көрсетіледі. Бұдан өзге де қайырымдылық шаралары жалғасады. Және мерекеге орай, 19-тамыз күні сағат 9.30-да Тәжіден батыр атындағы орталық базар маңындағы мешіт пен Зеленов ауданындағы Астана мешіті жанында спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады.
Арман КУРМАНАЛИЕВ