Қала күні қарсаңында Оралда екі тоғызқабатты тұрғын үй тапсырылды. Оның бірі Зачаган кентінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілді. Ал екіншісі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында апатты үйдің тұрғындарына арнап салынған Депо көшесіндегі 90 пәтерлік жаңа баспана.

Зачаган кентіндегі 9 қабатты еңселі үй
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арнап салынған. Қала күні мерекесінде оралдық 180 отбасы екі есе қуанышқа бөленді. Бүгін оларға жаңа пәтердің кілттері табыс етілді. Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен өңірде баспаналар құрылысы қарқын алып келеді.
- Биыл Президент тапсырмасына сәйкес абаттандыруға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 12 млрд. 600 млн. теңге бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасымен 28,6 млрд. теңге бөлінді. Бұған 500 шақырым жол салынып, инженерлік желілер жаңартылып, яғни құбырлар жөнделіп жатыр. Жылдан жылға қаламыз көркейіп келеді, - деді
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Жаңа пәтердің кілтін алғандардың бірі – Күнғалиевтер отбасы. Олар 4 жыл бұрын банкте есепшот ашқан. Отағасы күзет фирмасында, отана балабақшада еңбек етеді. Банкке ай сайын үзбей қаржы салған қарапайым жанұя бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр.
- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 2013 жылы есепшот ашып, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үй алып жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Үй жарық, кең, - дейді баспаналы болған
қала тұрғыны Ерлан КҮНҒАЛИЕВ.
Жаңа үйдегі 1 бөлмелі пәтердің аумағы – 40 шаршы метр, 2 бөлмелі – 65, үш бөлмелісі 80-85 шаршы метр. Жалпы үйдің құны - 1,5 млрд. теңге.
Қала күні қарсаңында тапсырылған тағы бір тұрғынжай – Депо көшесіндегі бұрынғы апатты үйдің орнына салынған жаңа баспана. Айта кету керек, бұл үй мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында еліміз бойынша аймақтар арасында тапсырылған алғашқы баспана. Бұрын бұл жерде 2 қабатты 16 пәтерлік көне үй болатын. 2015 жылы ескі қоныс сүріліп, орнына жаңа 9 қабатты 90 пәтерлік баспана салынды.
Бүгін 16 отбасы баспаналы болған бақытты жандардың қатарына қосылды. Жаңа жаңа қонысқа асыққандардың бірі - Жұмахметовтер отбасы. Олар баспаналарының жаңарып қана қоймай, 10 шаршы метрге ұлғайғанына да риза.
- Бұрынғы апатты үйде 7 жыл тұрдық. 2015 жылы бізді ол үйден шығарды, «жаңа үй салып береміз» деп. 5-ші шағын ауданнан уақытша баспана берілді. Бұрынғы үйіміз 31 шаршы метр еді. Жаңа пәтер 43 шаршы метр, - дейді
қала тұрғыны Райымбек ЖҰМАХМЕТОВ.
Панельді үйдің аумағы - 5 мың шаршы метр. Үй құрылысы комбинатында қаңқасы түзілген баспана жылуды сақтау, үнемдеу технологиясымен ерекшеленеді.
Осылайша қаладағы 43 апатты үйдің мәселесі 2020 жылға дейінгі апатты үйлерді қайта салу бағдарламасы бойынша шешіледі. Жалпы биыл облыс орталығында 14 үй салынуда. Оның 8-і жыл соңына дейін тапсырылады. Өңір аудандарында да үй құрылысы қарқын алды. Жаңа жылға дейін барлығы 1600 отбасы қоныстойын тойламақ.
Арман КУРМАНАЛИЕВ