Қалалық әкімдікте қоғамдық орындардың, аулалар мен демалатын орындардың тазалығы және абаттандыру, көркейту мәселелерін талқылау мақсатында пәтер иелері кооператив өкілдерімен кездесуі өтті. Қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев пәтер иелері кооперативі төрағаларына қала тұрғындарымен бірге белсенді жұмыс атқару керектігін баса айтты.

Қала орталығы мен қоғамдық орындарды, таза ұстау әрбір шаһар тұрғындарының міндеті. Ал, оны бақылау мен қолға алу пәтер иелері кооператив өкілдерінің тынымсыз жұмыс атқаруы нәтижесінде жүзеге аспақ. Санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстары қалай жүргізілмек? Ол туралы бүгінгі жиын барсында мәлім болды. Алдымен, қала орталығы қыс бойы жиналып қалған күл- қоқыстан толықтай тазартылады. Сонан соң, көп қабатты үйлер мен ғимараттар маңын санитарлық тәртіпке келтіру жұмыстары жүргізілмек.
- Тазалық жұмыстары қала бойынша барлық аймақтарда жүргізіледі. Мекеме ұжымдары мен тұрғындар арасында да сенбілік жұмыстары өткізіледі. Бұл ретте сіздердің түсіндіру жұмыстарыңыз қажет, - деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев пәтер иелері кооператив өкілдеріне қарап.
Тазарту жұмыстары барысында кездесетін кедергілер де аз емес. Мысалға, тұрғындар тарапынын әлі де белсенділіктің аз болуы, қала тазалығына немқұрайлы қарауы. Сондай- ақ, тағы бір мәселе көше бойларындағы ағаштардың қурауы. Олардың көбі 30-40 жыл бұрын отырғызылған. Бүгінде олардың өзі қауіпті болып саналады. Қолайсыз ауа райы кезінде шығын мен залал әкелуі әбден мүмкін.
- Қаланы көгалдандыру барысында пәтер иелері кооператив өкілдері кем дегенде 20, 50 дана көшет отырғызуға міндетті. Мұның барлығы ұйымшылдықпен жасалуы тиіс, - дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.
Өңірімізді осыдан 10 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, қала орталығында көшеттер мен ағаштар саны аз болатын. Ал, бүгінде жасыл желек жамылған шаһарға айналды. Осы уақытқа дейін дәстүрлі түрде көгалдандыру, тазалық жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді.
Биыл ағаш отырғызу науқаны республика бойынша сәуір айының 22-сінде өтті. Бұл күні тұрғындар қаланың көркейіп әрі таза болуына ат салысты.
Арман Курманалиев