15 августа 2017

Қалада қоғамдық көлік қатаң бақылауға алынады

Бүгін қалалық әкімдікте қоғамда қызу талқыланып жатқан автобустардың жол апатына қатысты жиын өтті. Баспасөз мәслихатына жолаушы тасымалдаушылар да қатысты. Қала әкімі қоғамдық көліктерге қатысты қордаланған мәселерді жіпке тізіп, қатаң шаралар қолданылатынын қадап айтты. Жолда жарыс ұйымдастыратын қоғамдық көлік жүргізушілері жайлы шағым бұрыннан айтылып келеді. Автобустардағы тазалық мәселесі, жүргізушілердің ұялы телефонмен сөйлесуі, кондукторлардың мәдениетсіздігі - жолаушылардың әбден шымбайына батты. Тек үш күннің ішінде «Автобус» жедел алдын алу шарасының нәтижесінде 70 шопырға телефонмен сөйлескені үшін айыппұл салынған. Ал бүгінгі жол апатында кінәлі деп танылған №7 автобус - «Ақжол-Авто» серіктестігінің иелігінде. Директордың айтуынша, қоғамдық көлік 2 ай бұрын техбақылаудан өткен. Тежегіші істен шығуы мүмкін емес. - Біздің жүргізуші алда тұрған автобусты түйген. Бұл, әрине, ара қашықтықты сақтамау. Бірақ бұған не себеп болғанын анықтау керек. Бәлкім, көлігінде видеорегистраторы бар куәгерлер бар шығар. Жол апатының қалай болғанын, кептелістің не үшін болғанын көрсететін. Ал материалдық шығынды біз өтемейміз. Өйткені автобустың өз иесі бар. Сол сақтандыру жасады. Біз тек жолаушыларды сақтандырамыз, - дейді «АҚЖОЛ АВТО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ ЭЛЬДАР ВАГАПОВ. Ал қала әкімі бүгінгі бассыздықтан кейін қаһарына мінді. Бұдан былай қоғамдық көліктердің қызметі қатаң бақылауға алынатынын айтты. Қазірдің өзінде әкімдіктің бөлім меңгерушілері әр автобуспен жүріп көріп, кемшіліктерді фото-видеоға түсіріп жүр екен. Ендігі аптадан бастап әр жолаушы тасымалдаушы кәсіпорынмен жеке жұмыс істелмек. Және шаһар басшысы ескі газель көліктерін жаңа қауіпсіз үлкен автобустарға ауыстыру, жүргізушілер мен кондукторлардың қарым-қатынас мәдениетін сақтауын бақылау,  оларды бірыңғай киіммен, бейджиктермен қамтамасыз ету секілді бірқатар тапсырмалар берілді. - Жылдың басында қалада «BUS-REPORDS» деген бағдарлама жүзеге асты. GPS-қондырғысы бар. Бүгінде 500 автобустың 350-і соған қосылды. Бұл бізге, біріншіден, автобустардың жол жүру кестесін, оның сақталуын, қозғалыс жылдамдығын бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан мен өз орынбасарыма қыркүйектің аяғына дейін осы бағдарламаның қондырылуын аяқтауды тапсырамын, - деді жиында сөз алған Орал қаласының әкімі МҰРАТ МҰҚАЕВ. Жиын соңында қала әкімі жол апатынан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Ал жол полициясы қала ішіндегі қоғамдық көлік қозғалысына бақылауды күшейтуі тиіс. Қоғамдық көлік жүргізушілері қатаң қадағалауға алынады. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp