Облыстық әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінің қорытынды кезеңі өтті. Бүгін он жоба авторлары өз идеялары мен жұмыстарын көпшілік пен арнайы комиссия мүшелеріне таныстырды.

Иллюстративное фото из архива "МГ"
Үйлену оңай, үй болу қиын. Осы бір тәмсілдің түбінде ақиқаттың бары анық. Әсіресе ажырасулар көбейген сайын, ұлттың ертеңіне деген алаңдаушылық та артады. Осы орайда Азаматтық аляьнс қауымдастығы өкілдері, жанұядағы жарасымды тірлікті нығайтуға бағытталған жобаны ұсынып отыр. Мақсат отбасы құндылықтарын қалыптастыру және сақтау.
- Қоғамда жанұялық кикілжіңдер көп кездеседі. Содықтан отбасы институтын нығайту, жастарды жанұялық өмірге дайындау, аналық және әкелік жауапкершілікті насихаттау, бала тәрбиесіне көңіл бөлу. Бұл жобаның діттегіні. Бұған қоса жас отбасыларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық, қаржылық к өмектер көрсетуді де көздеп отырмыз дейді, - Азаматтық Альянс қауымдастығының атқарушы директоры Жаннат Танабаева.
Ал, Қазақ саңыраулар қоғамының корпоративті қоры, мүмкіндігі шектеулі жастар арасындағы шеберлерді қолдау жобасын ұсынып отыр. Яғни мақсат, кемтар жандардың төрт қабырғаға қамалмай, кәсіппен шұғылдануына жағдай туғызу. Бұл бағыттағы бастапқы жұмыстар өз нәтижесін беруде.
- Біз жобаға 20-25 адамды тарттық. Бірақ шынайы шебер екенін соның 8-і көрсете білді. Көркем сурет салып, моншақтан әшекейлер жасайды, басқа да қолөнер бұйымдар дайындайды. Аталған дүниелерге сұраныс та жоқ емес. Сондықтан жәрмеңкеден қолдау тапсақ, жобаның аясын кеңейтуге талпынып отырмыз дейді, - «Орал-Жайық» корпоративті қорының өкілі Сағида Мақбозова.
Жәрмеңкеге барлығы 31 жоба ұсынылса, соның 10-ы үздіктер қатарынан табылды. Идеялар сан саланы қамтиды. Олардың қатарында экологиялық мәселелерді шешу, қыздарға ұлттық тәрбие беру, жедел қызметтердің мәртебесін арттыру, өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бейнешежіресін жасау сияқты жобалар бар. Жиын барысында идея авторлары өз жұмыстарын таныстырып, арнайы комиссия алдында қорғады.
- Жәрмеңкенің түпкі мақсаты Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету. Олардың азаматтық белсенділігін арттырып, түрлі қоғамдық шараларға кеңінен тарту. Жәрмеңкеден кейін қоғамдық бірлестік өкілдеріне арнап семинар ұйымдастырылып, құқықтық, бухгалтерлік мәселелер бойынша кеңестер беріледі дейді, - Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының директоры Үмбетқали Жаңабеков.
Жәрмеңке қорытындысында үш үздік жұмыс таңдалып, авторлары бағалы сыйлықтарға ие болды. Енді аталған жобаларды қолдау тетіктері қарастырылмақ.