Астананың Сарыарқа ауданында уақытша тұрғызылған үйден шыққан өрт салдарынан бес бала қаза болды деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото Tengrinews.kz сайтынан алынған
Оқиға төртінші ақпан күні болған.
Түнгі 02:34 төтенше жағдайлар комитетінің пультіне Сарыарқа ауданының Шыңғыстау көшесінде уақытша тұрғызылған үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт 30 шаршы метр аумақты шарпып, 25 шаршы метр шатыр опырылған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өртті 03:24 ауыздықтаған.
Өрт сөндіру кезінде үйдің ішінен бес баланың мәйіті табылды. Олар 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туылған. Ата-аналары жұмыста болған.
Өрт сөндіруге Астана ТЖК-нің жеке құрамның 17 адамы және бес өрт сөндіру техникасы және ТЖК-нің ОААҚО жеке құрамының төрт адамы мен бір техникасы тартылды.
Астана әкімдігінде бес баланың өліміне себепкер болған өртке қатысты шұғыл кеңес өтті. Анықталғандай, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жапа шеккен жанұяға үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғанын ескерткен.
"Көктал-1 тұрғын алабында өртте және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау жөнінде профилактикалық жұмыс жүргізілді.
Дәл сол үйге де Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тиісті ескерту жасап, оларды жою жөнінде нұсқау да берді", -деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев.
Алдын ала ескерту екі рет жасалса да, елордалықтар мәселені шеше қоймапты.
Астанада Кемеровода болған қайғылы оқиғадан кейін қосымша рейдтер өткізілген. Ал Астанадағы бес баланың өлімінен кейін рейдтер қайта жүргізілетін болады.
Қазір көз жұмған бүлдіршіндердің ата-анасымен психологтар жұмыс істеуде. Марқұм балалардың анасы пластикалық карта өндіретін зауытта жұмыс істесе, әкесі көлік жөндеу орталығында монтаждаушы болып еңбек еткен.
Қала әкімі сол түні болған жағдайдың мән-жайын анықтап, тексеру жүргізуді тапсырды.