2 часа назад

Ақтөбеде жастарға арналған TEDx форматындағы ауқымды кездесу өтті

Ақтөбе қаласында жастарға арналған тағылымды шара өтті.

Ақтөбеде жастарға арналған TEDx форматындағы ауқымды кездесу өтті
Ақтөбе облысы әкімдігінің фотосы

Ақтөбеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен жалпыұлттық құндылықтар мен нышандардың өзектілігі «Жастар және жалпыұлттық құндылықтар» атты TEDx форматындағы кездесуде айтылды. Алқалы жиынға облыстың белсенді жастары жиналды.

Шараның алғашқы спикері ретінде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сөз сөйледі. Өңір басшысы тәуелсіздік, отаншылдық және жауапкершілік туралы әсерлі ойларымен бөлісті. Сондай-ақ ол бүгінгі патриотизмнің мағынасы өзгергенін, оның нақты көрінісі еңбек, білім және жауапкершіліктен байқалатынын атап өтті.

— Бүгінгі заманда отаншылдық тек шекара күзетінде тұру немесе қару ұстау емес. Бүгінгі патриотизм – білім арқылы, еңбек арқылы, жауапкершілік арқылы көрінетін қасиет. Егер сен жақсы оқысаң, бұл - Отанға қызмет. Егер сен адал жұмыс істесең, бұл да Отанға қызмет. Егер сен елдің намысын қорғап, жаңа идея ұсынсаң, бұл да патриотизм. Біздің елімізге бүгінде– ойшылдар, инноваторлар, жас көшбасшылар, жауапты азаматтар қажет, — деп жастарды жігерлендірді аймақ басшысы Асхат Шахаров. 

Асхат Шахаров өзінің балалық шағына да тоқталып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды, отбасындағы еңбекқорлық пен тәртіптің оның өмірін қалай қалыптастырғанын сөз етті. Әкім жастарға әр минутты тиімді пайдалануға, қиындыққа мойымауға және жаңа мүмкіндіктерге ашық болуға кеңес берді.

Жиында жасампаздық және жаңашылдық туралы Yandex Kazakhstan директоры Мейірбек Мұқатов тәжірибесімен бөлісті. Ол 12 мың жасқа инновацияның әлеуеті мен технологиялық мүмкіндіктер жайында айтты.Мейірбек Мұқатовтың  сөзінше, Қазақстанның заманауи дамуы — жастардың батылдығы мен бастамасына тікелей байланысты.

Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша сөз алған Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев құқықтық мәдениетті күшейтуге шақырды. Ол жастарға заңға құрмет, қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және құқықтық сауаттылықтың маңызын түсіндірді.

Кино және театр актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин шығармашылықтағы жауапкершілік пен әділдік туралы әсерлі мысалдар келтіріп, өнердің қоғам тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

Кездесу барысында қатысушыларға LED-экран арқылы түрлі жұмысшы мамандықтар таныстырылды, олардың ел экономикасы үшін маңызы айтылды. Осы бағыттағы үздік маман, «Шапағат» медалінің иегері Дархан Шаңбаев еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік туралы ой бөлісті.

Ал Herriot Watt университетінің үшінгі курс студенті Аида Хадын қазақ тілін меңгерудің құндылығын атап өтіп, жастарды көптілді әрі ұлттық мәдениетке жақын болуға үндеді.

Шарада жастар «Алға, Қазақстан» деп ұрандатты, белгілі әнші Ерболат Құдайбергеновпен «Мен қазақпын» әнін қосыла шырқады.

Жиынды қорытындылаған ұйымдастырушылар мен спикерлер жастарды мемлекет басшысы бекіткен жалпыұлттық құндылықтар мен нышандарды сақтауға, «Әділетті Қазақстанды» бірге құруға, белсенді болуға, жаңа идеяларды іске асыруға, ел дамуына үлес қосуға шақырды.

Айтып өтейік, өңірде бүгінгі таңда 14-тен 35 жасқа дейінгі жастар саны 268 мыңдай. Олардың жұмыспен қамтылуы және бос уақыттары тиімді өткізілуі үшін мемлекеттік бағдарламалардың барлық тетігі қолданылуда.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp