02 декабря 2016

Аутизмді жеңуге болады

Ерекше балалардың ата-анасын қолдау, ауыр дертпен күрескен мамандарға көмек көрсету. Бұл - «Аутизмді жеңуге болады» атты республикалық жобаның басты мақсаты. Құрылғалы бері 8 жылда тәжірибе молайған. Оралда өткен жиында елдің әр түкпірінен келген ұйымдастырушылар өз білім-білігімен бөлісті. baiterek dcp (2) Облыста аутизм мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген - Меруерт Санкаева. Осыдан 14 жыл бұрын дәрігерлер оның үш жасар баласына аталмыш диагнозды қояды. Бірақ ол кезде кеселді дертті емдеу, онымен күрес жолдары жайлы мәлімет өте аз болатын. Сондықтан Меруерт қоғам назарын бұл мәселеге аударту үшін қоғамдық бірлестік құрады. Ал қазір аутизм ауруымен күрес жылдан-жылға өзекті боп келеді. Егер 2004 жылы бар-жоғы 4 бала бұл дертке шалдықса, бүгінде ерекше балалардың саны 150-ге жеткен. - Аутизм – бұл ең ауыр дерт. Бұл тіпті ақыл-есі кемдік ауруынан да ауыр. Және онымен күрес, оны түзету – бұл өте орасан еңбек. Әлі күнге дейін бұл аурудың сипатын ешкім дөп басып айта алмай келеді. Бұл - баланың өз ішіндегі өмірі. Осы дертке шалдыққан менің балам қазір 17-де. Сондықтан маған бұл дерт жайлы айту әрі оңай, әрі ауыр. Қазір біздің орталықтағы стационарда 60-қа жуық бала бар. Оның 12-сінде аутизм дертінің белгілері бар, - дейді «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы МЕРУЕТ САНКАЕВА. Әлемде әр 40-шы бала аутизммен дүниеге келеді екен. Әрбірінің ауру белгісі әр түрлі. Сондықтан мамандарға дәл диагноз қою қиынға соғады. Баладағы еркешелік жастайынан білінетіндіктен, оны ең алғаш болып әке-шешесі сезеді. - Ата-аналардың ең басты қателігі – олар баланы маманға берейік, ол оны емдеп, жазады, сосын біз онымен қайта сау күйінде қауышамыз деп түсінеді. Бұл - миф. Сондықтан біз ең алдымен, осындай жалған түсініктен арылту бағытында жұмыс істейміз. Содан соң ата-аналарға баланы қалай сауықтыру керектігін үйретеміз. Бізде мысалы, екі жыл бойына таңнан кешке дейін баласымен жұмыс істеп, жақсы нәтижеге жеткен ата-аналар бар, - дейді «Аутизмді жеңуге болады: Қазақстанның 12 қаласы» республикалық жобасының үйлестірушісі САЛТАНАТ МУРЗАЛИНОВА-ЯКОВЛЕВА. Қарағанды аутист балалар ата-аналарының қауымдастығы өкілі, қарағандылық дертті баланың әкесі ЕЛДОС БЕЙБІТОВТІҢ айтуынша, «Аутизм бұл медициналықтан гөрі, әлеуметтік мәселе. Дертті жеңу үшін ата-ана баламен аянбай, күдер үзбей жұмыс істеуі керек. Тек темірдей төзім қажет». Елімізде инклюзивті білім беру әдістері жетіліп келеді. Семинарда ерекше балаларды мектепке даярлау мәселесі де талқыланды. Кеселмен күресте аутист балалар ата-аналарының қауымдастығы да зор үлес қосып келеді. Оның өкілдігі жақында Орал қаласында да ашылмақ. Арман Курманалиев
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp