Биыл да қала, ауыл және ірі кәсіпорындарда қоғамдық келісім кеңестерін құру жалғасты. Бүгінде 239 кеңеске 4 мыңнан астам адам мүше. Олар, ұлтаралық және дінаралық татулықты қамтып, әлеуметтік-экономикалық дамуға қолдан келгенше үлес қосуда. Кезекті кеңейтілген отырыста жемқорлықтың алдын алып, діни экстремизмге тосқауыл қоюдағы кеңестердің рөлі тақыланды.

- Қоғам үшін діни экстремизм аса қауіпті құбылыс. Кеселдің алдын алу бағытында үлкен жұмыс атқарылуда. Теріс ағымды насихаттауға жол бермеуіміз керек. Қазіргі таңда облыстық дін істері басқармасы мен қоғамдық келісім кеңесі 2017-18 жылдарға арналған бірлескен іс шаралар жоспарын құрды. Ол бойынша қоғамдық маңызы бар жобаларды әзірлеп, іске асыру көзделген деді, - Орал қалалық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Виктор Киянский.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіндегі маңызды бағыт. Осы орайда отырыста латын әрпіне көшу мәселесі кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда аталған әліпбиді әлемнің 57,7 пайызы пайдаланады. Олардың қатарына Қазақстан кірсе, бұл көрсеткіш 63 пайызға жетпек. Ата-әжелеріміз қолданған қаріпке қайта оралу, тіл тазалығын сақтауға мүмкіндік береді.
- Латын қаріптерінің нұсқалары ұсынылып жатыр. Биылғы қарашада жаңа әліпбиді бекіту көзделіп отыр. Әрине латын әрпіне ауысу бір күндік шара емес, біртіндеп іске асады. Жылдың соңына дейін халық арасындағы үгіт-насихат жұмысын атқарамыз. Таңба өзгерту, тілді өзгерту емес. Лексиконымыз сол қалпы қалады. Тіпті дами түспек дейді, - БҚО Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлжайына Бисенғалиева.
Кеңейтілген кеңесте «Туған жер» бағдарламасы да талқыланды. Атқарылар ауқымды жұмыстардың бір бағыты өлкетану саласын дамытуды көздейді. Қазір шараларды ақпараттық қолдау мәселесі шешілуде.
- «Туған жер» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар ауқымы кең. Мәселен ауылдық жерлерді абаттандыру, көгалдандыру ісі де осы бағдарламаға кіреді. Сондықтан біз кеңес отырысына арнайы байқау өткізуді ұсынып отырмыз. Ол бойынша әрбір елді мекенде «Үздік ауыл», «Үздік мекен-жәй», «Үздік көше» және «Үздік үй» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталмақ дейді, - БҚО «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ықсанова.
Отырыс қорытындысында күнтәртібінде көтерілген барлық мәселе бойынша нақты шешімдер қабылданып, іске асыру жолдары бекітілді.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ