Елбасы, "Nur Otan" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «BIRGEMIZ» қоғамдық қоры құрылған болатын. Бұл қор қауіпті індет жайлаған тұста халықты қаржылай қолдау мақсатын көздейді.

Облыста 50 мың тенге бұған дейін Орал қаласының тұрғындарына берілген еді. Енді ауылдық ағайынға да көмек көрсетіле бастады. Бөрлі ауданында 1970 тұрғын қаржылай қолдауға ие болған.
Бақытгүл Айсағұлова күміс алқалы ана. Алты балалы отбасы мемлекеттен жан-жақты көмек алып келеді. Балаларының алды студент болса, кішісі балабақшада. Бұл отбасы қолдауға мұқтаж. Балалақша әдіскері боп қызмет атқаратын көп балалы анаға ай сайын жәрдемақы төленіп отыр. Дегенмен жуырда Нұр Отан партиясының атынан берілген 50 мың теңге зор қолдау болды, дейді ол.
- Бұл төлем шаһар тұрғыны Рысбике Орынғалиеваның отбасына да зор көмек болды. Отбасы бірнеше жыл бұрын асыраушысынан айырылған. Содан бері мемлекеттің қамқорлығын көріп келеді, - дейді көпбалалы ана Бақытгүл Айсағұлова.
Жалпы, Бөрлі ауданында Нұр Отан партиясы тарапынан қаржылай қолдау алғандар саны 1970 адам. Көмек алушылар тізімінде табыс деңгейі ең төмен әлеуметтік әлсіз топтардан құралған азаматтар қамтылған.
- Қаржылай қолдаудың үшінші толқыны бойынша облыстың үш ауданы, атап айтқанда, Бөрлі, Теректі және Бәйтерек тұрғындары 50 мың теңге көлемінде көмек алуда. Аударылған ақша толық көлемде жеткізіледі. Ешбір коллекторлық кеңселер мен ІІ-деңгейлі банктер ұстап қалмайды, - деді «Nur Otan» партиясы Бөрлі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Малика Махауова.
Арман КУРМАНАЛИЕВ