Азық-түлік бағасы аспандап тұр. Қазір кейбір өнімдердің екі есеге артқанын байқауға болады. Оның ішінде картоп пен пияз өткен жылмен салыстырғанда отыз пайызға өскен. Ал жаңа жылдан бастап тағы да қымбатшылықтың болатыны туралы болжам бар. Бағаны тұрақтандыру бағатында қандай шаралар қолға алынды? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды.

Азық-түлік бағасының бұлай тоқтаусыз өсуі инфляцияға да кері әсерін тигізді. Өткен айдың өзінде оның деңгейі 8,9 пайызды құраған.Батыс Қазақстан облысыда да азық-түлік бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Орталық базарда көтерме бағамен сауда жасайтындар отандық өнімдер өте қымбат дейді. Сондықтан олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті Ресейден әкеліп сату тиімді екенін алға тартады. Ал әкімдіктегілер тек он тоғыз түрлі тағамның бағасын бақылау қолымыздан келеді деседі. Алайда бұл санаттағы тағам түрлерінің он алтысының бағасы бәрібір қымбаттаған. Өйткені Ресейден тасымалданатын өнім қымбат. Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеден де жұрт күдер үзген. Өйткені соңғы айларда шағу майдың литрі 900 теңгеден ал бірінші сұрыпты ұнның бағасы 200 теңгеден асқан. Жәрмеңкедедегі өзге де тамақтың бағасы арзан емес.
Бағаның өсуіне бірнеше себеп бар
Егер күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өсетін болса, бұл жағдай әлеумет пен тұрғындардың көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Әйтседе тамақ бағасы күн санап шарықтап барады. Негізінен бұл салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлер тамақ құнының күрт өсуіне бірнеше себеп бар екенін айтады. Ең негізгісі біз күнделікті тұтынатын өнімдердің дені және олардың құрамына енетін шикізаттар өз елімізде өндірілмейді. Яғни импортқа тәуелдіміз. Шет елден келітін шикізат бағасы доллармен есептеледі. Сәйкесінше АҚШ доллары аптасына бірнеше мәрте қымбаттайды. Оған қоса бірқатар ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортқа шығыуы жергілікті бизнесмендер жұмысын одан әрі кедергі келтіруде.Жанар- жағармайдың күрт көтерілуі, мемлекеттен бөлінетін субсидияның мардымсыздығы мен коммуналдық төлемдердің шарықтауы бағаның өсуінің негізгі себебі болып табылады.
Баға бақылауда
Бүгінгі таңда заңнамаға сәйкес бағаның негізсіз көтерілмеуін жергілікті әкімдік пен атқарушы органдар бақылайды. Сондай-ақ қолда бар деректер аталған азық-түлік түрлерінің бағаларын қалыпты ұстап тұру, оны негізсіз өсірмеу жөнінде бес жүзден аса келісімдер мен меморандумдар жасалғанын көрсетеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мамандарының айтуынша, маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту шеңберінде жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта «Вега» супермаркеті акция аясында 9 атау бойынша (ұн, сүт, күріш, тауық еті, картоп, пияз, қарақұмық жармасы, қант, күнбағыс майы) азық-түлік тауарларын сатады. Ал «Алтындар» және «Лидер» сауда желілері 10 тағам түрін (ұн, сүт, тауық еті, картоп, макарон өнімдері, пияз, қант, күріш, күнбағыс майы, 1 санаттағы тауық жұмыртқасы) тұтынушыларға ұсынуда. Сонымен қатар ірі нан өндірушілермен биылғы жылдың соңына дейін бірінші сұрыпты нанның бағасын көтермеу, оның бағасын 90 теңгеден асырмай сату туралы келісім жасалған. Бүгінгі таңда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша ел аумағында ауқымды жоба жасақталып жатқан көрінеді.
Тұрақтандыру қорына 550 млн теңге бөлінген
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтың таратқан мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасының өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорына биыл бюджеттен 550 млн теңге бөлінген. Қазіргі кезде 994,9 млн. теңгеге 4 708 тонна көлемінде азық-түлік тауарларының қоры бар. Сонымен қатар «айналым сызбасы» тетігі аясында тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілер үшін қосымша 8 690 тонна азық-түлік өнімін белгіленген баға бойынша сатуға кәсіпкерлік субъектілеріне 1 800,5 млн. теңге несие беріліпті. Бұл дегеніңіз ұн, күнбағыс майы, картоп, пияз, қант, тауық жұмыртқасының қолжетімді бағамен халыққа ұсынылуын қамтамасыз етеді.
– Бағаның күрт өсуі жағдайында нарыққа жедел әсер ету үшін қалған қаражат 282,2 млн. теңгені құрайды. 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап 1 349 тонна азық-түлік тауарлары «Aqjayiq» ӘКК» АҚ 15 сауда нүктесінде, «Лидер», «Алтындар», «Желаев Нан» сауда желілерінде, «Мирлан» сауда базарында, «Манго» әлеуметтік дүкенінде, БҚО-ның 11 ауданында (26 дүкен) және апта сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде белгіленген бағамен сатылады. Бұдан басқа, «айналым схемасына» бөлінген қаржыны қоса алғанда, облыс көлемінде жалпы сомасы 6 870,6 млн теңгенің өнімдеріне бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұн мен нан бағасын тұрақтандыру мақсатында наурыз-тамыз айларында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан меморандум аясында (1 тоннасына 90 мың теңгеден) 15,9 мың тонна бидайды облыстың ұн тарту кәсіпорындары («Белес-Агро» ЖШС, «Желаев АӨК» АҚ) толығымен сатып алды. Арзандатылған бидайдан облыстың наубайханаларына бірінші сұрыпты ұн килосына 135 теңгеден жеткізіліп, бір бөлке нан 90 теңгеден сатылуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында 1 тонна кебектің бағасы 50 мың теңгеден босатылуда, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Денис Омашев.
«Жасыл белдеу» тұжырымдамасы
Облыс халқының картоп пен көкөніс өнімдеріне тапшылығын жою және қажеттілігін толық қамтамасыз ету мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» тұжырымдамасы жасақталды. «Жасыл белдеу» тұжырымдамасына табиғи климаттық жағдайлары ескеріле отырып, бес аудан мен Орал қаласы қатысады. «Картоп пен көкөніс өнімдеріне тапшылықты жою және облыс халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін өңірде картоп алқабы – 708 га, пияз – 255 га, сәбіз – 725 га және қырыққабат 465 гектарға (барлығы 2 153 га) қосымша ұлғаяды. Биыл 60,5 мың тонна картоп, 5,2 мың тонна сәбіз, 5,7 мың тонна пияз және 6,2 мың тонна қырыққабат өнімін жинау жоспарлануда. Бұл тұрғындарды картоппен 91, сәбізбен 64, пиязбен 81, қырыққабатпен 61 пайыз қамтуға мүмкіндік береді. Қалған өнім көлемін республиканың оңтүстік өңірлерінен жеткізу ойластырылуда.
Секер тапшылығы жойылды
Биыл көктемде дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған қап-қап қант бір күннің ішінде ғайып болғанда, шекерсіз шекесі терлеп, шай іше алмайтын ағайын кәдімгідей абдырап қалғаны рас. Кейін тұрғындарға бағасы тоғыз жүз теңгеде дейін көтеріліп екі келіден сатыла бастаған тәтті қазір сауда орындарында толып тұр. Яғни өңірдің барлық аумағында қант тап¬шы-лығын жою шаралары қолға алынып, қала және аудан әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг жүргізе бастады.
«Aqjayiq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мейірбек Нұркеннің айтуынша қазіргі таңда секер бағасы 490 теңгеден аспайды.
– Облысымыз бойынша 9675 тонна қант қала аумағында, 4450 тонна аудан аумағында сатылуда. Қорда әлі 475 875 тонна қант бар. «Ел Ырысы» киоскалары арқылы 2 953 тонна күнбағыс майы сатылды, қорда 97 047 тонна күнбағыс майы қалды.Макарон өнімдері бойынша атап өтсем, «Ел Ырысы» киоскалары арқылы 1480 тонна макарон сатылса, қорда 78317 тонна өнім қалды,– деді Мейірбек Нұркен Асқарұлы.
Нәтижесінде қат болған қант мәселесіне нүкте қойылды.
Біз әр оқырманымызды бағалаймыз, сондықтан түсініктеме беру кезінде ұсыныстармен мұқият танысып шығыңыз.