19 августа 2016

БАЛАБАҚШАНЫҢ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕЛУІНЕ 111 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Биыл Орал қаласындағы төрт білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтпек. Солардың бірі - №33 «Орленок» балабақшасындағы құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы 30 адам екі қолға бір күрек тапқан. Жалпы балабақшадағы орын жетіспеушілігі мәселесі өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы да оң шешіліп келеді. detsad_remont-4 Қаланың «Ремзавод» аумағындағы бұл балабақша 1969 жылы салынған. Сол уақыттан бері мұнда бірінші рет күрделі жөндеу жасалып жатыр. Ғимараттың іші-сырты, қасбеті түгел жаңартылмақ. Жылу, су, кәріз желілері ауыстырылады. Ауқымды іске республикалық бюджеттен 111 млн теңге бөлініпті. Ғимарат ескі болғандықтан, бастапқыда қиындықтар болған. Бірақ қазір жұмыс өз қарқынымен жүріп жатыр дейді жұмысшылар. - Қабырғасы қисықтау болды. Соны түзетіп, жөндеп жатырмыз. Еденіне де демонтаж жасалуда. Қиындықтар бар, әрине. Бірақ жұмыс кедергісіз жасалып жатыр. Шатыр ауыстыру, кәріз, жарық желілері қалпына келтірілуде, - дейді участок шебері Нұрбек ЗАЛМҰҚАНОВ. Мұнда барлығы 50 жұмысшы еңбек етеді. Соның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы 30 адам қызметке тартылған. Яғни мемлекет қолдауымен әрі білім беру нысаны жөнделіп, әрі жұмыссыздықты азайтуға мүмкін болып отыр. Ғимарат тапсырылған кезде жаңа жиһаз, жабдықтармен қамту да ұмыт қалмайды. Балабақша 300-дей баланың әз ұясы. Қазір бүлдіршіндер көрші бөбекжайға барып жүр. Тәрбиешілері де сонда. Ал жалпы шаһар бойынша 15 мың бала балабақша кезегінде тұр екен. Бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және мелекеттік тапсырыс арқылы да шешіліп келеді. Бүгінде қала бойынша 15 мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тапсырыс алып жұмыс істейді. Тағы үш жеке балабақша қосымша өтініш берді. Жалпы жеке балабақшаларда 1150 бала қамтылған. Әр балаға мемлекеттен 16 318 теңге бөлінеді. Ай сайын. Бұл қызметкерлердің жалақысына, коммуналдық қызмет төлемдеріне және басқа да қажеттіліктерге төленеді. Жалпы қала бойынша 3-6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 98,1 пайыз, - деп баяндады Орал қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Майнұр ТӨЛЕШЕВА. Маусымның 24-інде басталған балабақшаны жөндеу жұмысы негізі 6 айға есептелген. Бірақ құрылысшылар нысанды қазан айында аяқтап, тапсырамыз деп отыр.  
Арман Курманалиев
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp