18 октября 2017

Батыс Қазақстан облысында «Рухани келісім» күні аталып өтілді

Атаулы датаға орай Батыс өңірінің этомәдени орталықтарының мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестік өкілдері Достық үйінің төрінде жиналды. Шараға қала әкімі Мұрат Мұқаев та арнайы қатысып, ізгі лебізін білдірген болатын.   140-тан астам этнос пен он сегіз конфессияның басы бір шаңырақ астында біріккен біздің ел үшін татулық, тұрақтылық мәселесі қашанда маңызды. Осы бейбітшіліктің сақталуы үшін де бүгінгі зайырлы Қазақстанда ой, дін еркіндігі сақталып, ұлтаралық келісім принциптері жүзеге асуда. Елімізде 1992-жылдан бастап аталып өтілетін бұл «Рухани келісім» күні де осы ынтымақтастықтың бір көрінісі болса керек. Жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдіре келген шаһар басшысы Мұрат Мұқаев та «Рухани келісімді» сақтаудың маңызын атап өтті. Татулық пен ізгіліктің дәнін сепкен аға буын өкілдері бейбіт күннің жемісі мен тыныштықтың жайқалған бағында баянды өмір сүру салтын ұрпағымыздың жалғастыруы үшін қандай қасиеттер мен ұстанымдар керегіне тоқталды. Рухани тұрғыдан ұлт пен ұлыстың келісе отырып өмір сүруі қашан да маңызды. Осы қалпымызды сақтап қалу үшін еңбек ету-Отан алдындағы абыройлы міндет, басты парыз. -«Келісім мен бірлік бар жерде қоғамның дамуы алға ілгерілейді. Осы ізгі жолды дәстүрге айналдырып, қалыптастыру-біздің мақсатымыз. Ел ертеңі үшін алаңдайтын жандар этно мәдение бірлестіктердің ынтымақтаса жұмыс жасауына жағдай туғызып, жақсылыққа бастар жолда шамшырық бола біледі»,-дейді ассамблея мүшелері. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, кейіннен өңірдегі діни конфессиялар арасындағы шағын футбол сайысы ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама барысында ел ахуалынан сыр шертер туындылар орындалды. Жиналғандар дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін спортпен шұғылданудың маңыздылығын айтып, сайыс барысында өзара мықтылықтарын сынасты. «Рухани келісім» мен салауатты өмір салтын сақтау бір-бірімен ұштасып, шағын футбол сайысы жолдастық кездесу негізінде мәресіне жетті. 1992 жылы қазанда Рухани келісімнің І әлемдік конгресі өтті. Ол кезде еліміздің астанасы Алматы қаласы еді. Конгреске қатысушылар 18 қазанды рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp