Алғашқысы шілде айында аттандырылған еді. Бүгінде «Батыс Марка Ламб» серіктестігі ұсақ малдың етін өңдейтін және өнімі экспортқа бағытталған еліміздегі алғашқы арнайы кешен.

Мұнда қазір 82 адам еңбек етеді. Парсы компаниясымен арадағы келісімге сай Иранға мың жарым тонна тоңазтылған қозы еті жеткізілмек. Алғашқы өнім Тегеренға Атырау арқылы жолданса, бұл жолы жергілікті әуежай пайдаланылды.
- Экологиялық таза өнім болғандықтан Иран елінің басқа да компаниялары тарапынан сұраныс артып отыр. Бұған қоса көктемде Қытайдың ветеринарлық инспекцияның тексерісінен ойдағыдай өттік. Жақын күндері құжаттарды рәсімдеу аяқталып, аспан асты еліне ет өнімдерін жолдайтын боламыз. Сондай ақ біздің өнімге Ирак, Иордания, Қатар, БАӘ қызығушылық танытуда дейді, - «БатысМарқаЛамб» ЖШС директоры Руслан Темірболат.
Кәсіпорын былтыр Ресейге 180 тонна марқа етін экспортталса, биыл тағы 50 тоннаны шығармақ. Осылайша өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосуда.
- Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Хайруллиннің сөзінше, жылма жыл өңірде 38-40 мың тоннадай ет өнідірледі. Негізінен ішкі тұтыныс үшін. Әрине шетке шығарылып жатқан өнім де бар. Мәселен соңғы 2 жылда 2 мың тоннадан астам ет экспортталған дейді, - маман.
Кәсіпорында қойды союдан бастап, етті өңдеп, қаптамаларға салуды қамтитын бірнеше желі бар. Ал бөлшектенген ет өнімдері тоңазытылған күйде сақталады. Бұл оның пайдалы қасиеттерінің жойылмауына мүмкіндік береді. Өндірісте осындай тың технологияны пайдалану, ирандық кәсіпкерлердің біздің кәсіпорынды таңдауына түрткі болған.
- Біз Қазақстанның барша өңірлерін араладық. Мемлекеттен қолдау тапқан ірі кешеннің жұмыс істеуі, Орал өңірін таңдауға сеп болды. Әрі кәсіпорын өндірген өнім халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Ең бастысы жергілікті қойдың еті бізге қатты ұнады дейді, - Иран республикалық ветеринарлық бақылау қызметінің өкілі Насер Кареми.
Өз кезегінде қос тараптың қатаң ветеринарлық бақылауынан өткеннен кейін ғана, өнімді экспорттауға рұқсат берілетінін айта кету керек.
Арман КУРМАНАЛИЕВ