Қала күніне арналған ең басты мерекелік шаралар қыркүйектің 9-ы күні түске дейін Достық даңғылы мен Д.Нұрпейісова атындағы көшелерде салтанат құрды.

Мұнда этноауылдар түзіліп, ән мен күй төгіліп, түрлі шоу, театрландырылған көрініс қойылды. Бұл қызықтың бәрін тамашалаған оралдықтар биылғы қала күнінің ерекше тойланып жатқанын айтады.
Қызылды-жасыл қолшатырлар аллеясы – оралдықтардың бірден ең сүйікті орнына айналды. Таласа-тармаса суретке түсіп жатқан бір адам. Өйткені мұндай көз жайнатар құбылыспен бөліспеу мүмкін емес. Мультфильм мен ертегі кейіпкерлері де мейрамның бояуын құбылтып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
- Жылдағыдай емес, биыл қала күні ерекше тойлануда. Әр ұлт өздерінің киімдерін киіп, билерін билеп тойлап жатыр. Еліміз тыныш болсын, амандық болсын. Қазақ елі көркейе берсін! - дейді қала тұрғыны Өтеген Ғайнуллиев
Одан әрі гүлдер фестивалі сән түзеді. Қағаздан, матадан, шардан жасалған гүл шоқтарынан көз сүрінеді. Тек білім беру ұйымдары ғана емес, қаладағы коммуналдық қызмет мекемелерінің ұжымдары да бұл шараға атсалысқан.
Әр композиция Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай безендірілген. Қағаз-матадан жасалған гүл-торт, мысалы, 25 қабаттан тұрады. Қазақтың киіз үй де гүлге оранған.
Бұдан әрі қала қонақтары мен оралдықтар Достық даңғылында шатыр құрған Достық ауылын аралады. Мұнда өңірдегі ең белсенді ұлттық-мәдени бірлестіктер өз өнерін паш етті. Қала әкімі де мерекеге ортақтасып, дөңгелене би биледі.
Татулықты ту еткен ұлт-ұлыстар салт-дәстүрін ұлықтап, мерекенің көрігін қыздырды.
- Бүгін қала күнін тойлап жатырмыз. Өте қуаныштымын. Қаламыз күннен күнге көркейіп келеді. Байрамымыз мүбарач! - деп құттықтады «Бірлік» әзербайжан этномәдени орталығының мүшесі Элгун Жаналиев.
Бұл күн, әсіресе, балалар үшін нағыз мерекеге айналды. Қарадомалақтар асық ойнап, асыр салып, айналасын да шаттықа бөледі.
- Бүгін бізде қала күні. Біз осы мерекеге арнап асық ойнаудамыз. Маған асық ойнаған қатты ұнайды. Барлығыңызды қала күнімен құттықтаймын! Осы Орал көркейіп, жайнап, өсе берсін деп армандаймын, - дейді бал тілегін арнаған №43 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Қуанышқалиев.
Мерекені қызықтаған қала қонақтары да мәдениет пен өнердің шекара талғамайтынын айтып, жылы лебіздерін білдірді.
- Самара қазақтарының атынан оралдықтарды қала күнімен құттықтаймын. Орал өте сұлу қала. Жап-жасыл әрі таза шаһар. Мейрам құтты болсын! - Бұл Самара облысының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айгүл Жәлелованың тілегі.
Ал қалаға алғаш келген жұлдызды мейман, кино актері Әнуар Нұрпейісов шаһардың тарихи келбеті мен заманауи сәулетінің үйлесіміне тәнті болып, оралдықтардың ақкөңіл жандар екенін айтады.
Бұл күні Қадыр Мырза Әлі, Александр Пушкин секілді ұлы тұлғалар да көшеде серуен құрып, өткенге сапар шеккізді. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты.
Ешкім де мерекеден сырт қалған жоқ. Жастар да қала күніне арнайы флеш-моб тарту етті. Күн сайын көркейіп, ай сайын ажарланып, жыл сайын жаңарып келе жатқан сүйікті қаламыздың мерекесі сөйтіп шат көңілмен тойланды.
Арман Курманалиев