Биыл мүлік, жер салығына үйреншікті түбіртекті алмай, жұрт алаңдаулы. Қымбаттайды деген де қауесет бар. Біреулер биыл төлемеуге болады дейді. Ақиқаты қандай?
Өзгеріс жаңа Салық кодексіне байланысты екен
Салық туралы кодекске өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын төлеудің мерзімі өзгеріпті. Анығында, бір жылға кері шегерілген.
Сонда қалай болады? Ол туралы кейінірек тармақтаймыз, алдымен салықтағы өзгерістерге қатысты кейбір жәйттерге тоқталайық. Сонымен, Мемлекеттік кірістер департаментінің бізге ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, биылдан бастап...
Бірнеше үйіңіз болса...
Меншіктік құқық бойынша 2016 жылдың 31 желтоқсанынан кейін мемлекеттік тіркеуден өткен бірнеше адамның меншігіндегі нысандар бойынша салықты меншік иесінің біреуі ғана төлейді.
Сондықтан, осыдан былай бірнеше адам иелік ететін меншік құқығын мемлекеттік тіркеуден өткізгенде, өзара келісіп, салық төлеуге жауапты адамды көрсету керек.
Салық кодексіне енген өзгертулер жер және мүлік салығына қалай әсер етті? Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бұл салықты қалай төлейді? Енді соған жауап іздейік...
Жалға берілетін пәтер үшін
Жалға баспана беретін жеке кәсіпкерлер де нысан орналасқан мекен-жай бойынша әр жылдың бірінші қазанына дейін салық төлеуі тиіс. Яғни олар да 2017 жылдың мүлік салығын жеке тұлғалармен бірге 2018-дің қазан айында төлейді.
Сонымен қатар, жеке тұлға ретінде тұрғын үйін жалға беру арқылы көретін табысы – азаматтың мүліктік табысы болып есептеледі. Яғни, жалға баспана беріп отырған азаматтар салықты жеке тұлға ретінде төлейді де, жалға беру арқылы кірген кіріс көлеміне қарай табыс салығын (подоходный налог) төлейді. Онда өзгеріс жоқ.
Табыс салығы бойынша декларацияны (240.00 салық есептеу формасы – ФНО) тұрғылықты мекен-жайы бойынша салық органына 31 наурызға, келесі жылдың салық мерзіміне дейін өткізуі тиіс. Яғни, сіз 2017 жылдың табыс салығын 2018 жылдың 31 наурызына дейін өткізуіңіз керек, 2018 жыл келесі салық мерзімі болып саналады.
Енді мүлік салығын оған иелік еткен мерзімге ғана төлейсіз
Азаматтардың мүліктері бойынша салықты есептеу келесі салық мерзімінің бірінші шілдесіне дейін жүргізіледі.
Бұл жерде мүлік меншік иесіне тіркелген уақыттан бастап келесі салық мерзімінің бірінші қаңтарына дейінгі уақыт аралығына төлейді, яғни иелік еткен нақты мерзіміне ғана төленеді. Салық төлеушінің тұрғылықты мекен жайына емес, салық алынатын мүліктің орналасқан мекен жайына сәйкес алынады.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығын салық базасының пайыздық мөлшерлемесін қолдана отырып өздері төлейді.
Кодексте ескерілмеген басқа жағдайда заңды тұлғалар мүлік салығын салық базасының 1,5 пайыздық мөлшерлемесімен есептейді.
Ал келесі төлеушілерден салық базасының 0,5 пайыздық мөлшерлемесімен алынады:
1) жеке кәсіпкерлер;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар.
Басқа, кодексте көрсетілмеген жағдайда, бухгалтерлік есеп бойынша анықталатын салық салынуы тиіс нысандардың орташа жылдық баланстық құны алынады.
Концессия объектiлерiнiң орташа жылдық баланстық құны болмаған жағдайда, салық базасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен айқындалған осындай объектiлердiң құны болып табылады.
informburo.kz