Батыс Қазақстан облысында темір тұлпарды мас күйінде басқарған адам жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға Бөкей Ордасы ауданына қарасты Сайхын ауылында тіркелген. Жауапқа тартылған жан бұрын жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылыпты. Бірақ ол бұл тыйымға қарамастан «Yamaha» маркалы мотоциклды Тайыр Жараков көшесінде басқарғаны белгілі болды.
Сотта прокурор тыйымға қарамастан көлік басқарған тұлғаны өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырып, өзін алты айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрапты. Ащы суды ұрттап мотоцикл айдаған адам бұл ісіне өкініп, кінәсін мойындаған екен.
Соттың үкімімен масаң күйде көлік басқарған адам өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылып, алты айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген.