Оралда облыстық мәслихат депутаттарының бірлескен комиссиясының отырысы өтті. Мұнда халық қалаулылары мәслихат сессиясында талқыланатын мәселелерді бекітті. Күн тәртібінде облыстық бюджет, "Реновациясы" бағдарламасын бекіту, өңірде жасыл-желекті егу және оны күтіп ұстау мен "Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО академиялық филармониясы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына 50% мөлшерінде ынталандырушы үстемақы қосу және ауылдық жерде жұмыс істейтін мамандардың жалақысына 25% қосымша төлетін мамандықтардың тізіміне өзгерістер енуі талқыланды.
Мәслихат депутаттары облыстық бюджеттің өзгерісін мұқият тыңдады. Бірлескен комиссия отырысында БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев бюджеттегі өзгерістерді атады. Өңірдің бас қаржыгері бюджет ақшасының қай салаға бөлінетінін жіпке тізді.
– Бөлінетін қаражаттың жалпы сомасы 44,6 млрд теңгені құрады. Өзгерістерді ескере отырып, облыстық бюджет көлемі 525,2 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік салаға 2,6 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Негізінен шығыстар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының ағымдағы шығындары мен материалдық-техникалық жарақтандырылуына – 1,9 млрд теңге; Казталов аудандық ауруханасы ғимаратын реконструкциялауды жалғастыруға – 244,9 млн теңге; Ақсай қаласындағы Бөрлі аудандық ауруханасының стационар ғимаратына жапсаржай салуға – 131,7 млн теңге; облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры ғимараты бойынша ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жалғастыруға – 200 млн теңге; А.Н. Островский атындағы драма театры ғимаратының ғылыми-реставрациялық жұмыстарын аяқтауға – 100 млн теңге бағытталды, – деп хабарлады Нұрлан Есенғалиев.
Депутат Марат Қаженов бюджет қаражатын үнемдеу қажет болса, шалғай ауылдарға жол салғанша, коммерциялық пайда әкелетін мысалы Атырау-Орал тас жолына ақша бөлуді ұсынды. Алайда депутаттың бұл ұсынысын атқамінерлер қолдамады.
Ал, депутат Сержан Идиятов Теректі ауданына қарасты Ұзынкөл ауылында орналасқан білім ошағы жөндеу көреді ме деп сұрады. Депутат осы сауалын тұрақты комиссия отырысында жолдапты. Бірақ жауапқа көңілі толмаған.
– Биыл көп мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Соның ішінде Теректі ауданына қарасты Ұзынкөл мектебі де бар. ХХІ ғасырда балалар мектепте сырт киім мен қолғаппен отырғаны дұрыс емес. Биыл Ұзынкөл мектебі күрделі жөнделеді ме? Нақты жауап керек еді,– деп сұрады мәслихат депутаты.
Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов мектептерді күрделі жөндеуі қиын мәселе екенін жасырмады. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 1300 мектеп реновациядан өтуі тиіс. БҚО-да 86 мектеп жөнделетін тізімге еніпті. Былтыр жергілікті бюджет есебінен алты мектеп жөндеу көрген.
– Қалып тұрған 80 мектептің ішінде күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеуден өтетін мектептердің тізбесі бар. Биыл 32 мектеп жөндеуден өтуі керек. Оған 16 млрд теңге қажеттілігі бар. Алайда күні бүгінге не республикалық бюджеттен, қазір өздеріңіз білесіздер, бюджет кодексіне сәйкес, біздерге тікелей трансфертпен бөлу мәселесі қаралмай отыр. Біздер бағалы қағаз шығарып, кредит алып істегіміз келді. Бағалы қағаздарды шығарып алып, кредит беру мәселесі қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп немесе сатып алуға қатысты. Мектептерді күрделі жөндеуге немесе ағымдағы жөндеуге механизмі болмай отыр. Біз 32 мектептің күні бүгінге 7-8 мектептің конкурсын ойнатып қойдық. Жылдың басында бағалы қағаздардың есебінен деп салып қойдық лимитімізге. Бағалы қағаздарды шығаруға мүмкіндік болмай отыр. Біздер министрлікпен бұл мәселені ұдайы көтеріп отырмыз. Бізден басқа облыстарда бұл мәселені көтеріп отыр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда ол мәселе бойынша жұмыстарды жүргізу бойынша нақты шешімі жоқ, – деп айтты Тілепберген Каюпов.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов :«Ұзынкөл мектебі жөндеу көретін 32 мектептің ішінде бар. Оқу ошағы қаражат табылса ағымдағы жөндеу көреді. Қаражат көзі табылса, жөндеуді бастап кетеміз»,- деп айтты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары тендерді ұтып алған мердігерлердің ұсынысын да айтып берді. Мердігерлер 25 мамырдан кейін мектепті босатып, өз қаржысының есебінен материал алып, жұмысты бастауды ұсынған. Алайда, 3-4 жыл бұрынғы оқиғадан сабақ алып, қаржы көзі табылса ғана жөндеу жұмыстарын бастайтындықтарын жеткізді Тілепберген Каюпов. Шалғай орналасқан Бөкей Орда, Жәнібек ауданында орналасқан төрт мектепті өзге өңірден келген компаниялар жөндеу жүргізбек. Олардың жұмысына жергілікті шенеуніктер сын көзбен қарап отыр. Олар компаниялардың жұмысын талап, қарап жатыр екен. Әкімдік қызметкерлері шалғай ауданда орналасқан мектептерді бұзып тастағасын жоба аяқсыз қалады деп қорқып отыр.