"Дін және ұлттық тарих". Орал қаласында осындай атаумен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, өзге де осы салада еңбек етіп жүрген дінтанушылар, имамдар,ғалымдар, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Өңірде діни сауаттылықты артыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жолға қойылған. 14 ақпараттық топ жұмыс істейді. Психологиялық, құқықтық кеңес беру қызметі бар, сенім телефоны қосулы. Теріс діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсетіледі. Әлеуметтік зерттеудің қорытындысына сай, облыс тұрғындарының 85,8% діни ахуалмен таныс.
Дегенмен, діннің рухани құндылық екенін дұрыс түсінбей, қасірет шегіп жүргендер бар. Радикалдар шекараны шатастырып, тіпті өздерінің фанат болғанын да білмей қалады екен. "Біреуге өз сенімін күштеп танып, өзгені "кәпірсің, күнаһарсың" деп қор тұту - радикализмнің белгісі" дейді министр. Және салт пен діни ғұрыптың айырмасын ажырата алмау да қоғамдағы өзекті мәселенің туындауына сеп болып отыр.
- Кейбір отандастарымыз сауатсыздықтан өзге елдердің этникалық дәстүрлерін діни дәстүрлермен шатастырады. Мысалы, Африка және Таяу Шығыс халқының никаб немесе паранжасы сол елдердің жергілікті табиғатқа және ауа райына байланысты киім үлгілері, тұрмыстық элементтері. Дәстүрлердің озығы мен тозығы бар екенін естен шығармауымыз керек, - дейді
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Дін мен мәдениет - егіз ұғым. Қазақ руханияты да ислам дінінен нәр алады. Тарихи сананы түлетуде діннің алар орны ерекше дейді ғалымдар.
- Қазақ мәдениетінің 18 қабаты бар. соның бірінші қабаты - тіл, ең соңғы қабаты - сана. Тілден кейін ойлау, әдет, ғұрып, салт, дәстүр, мораль, құқық, кәсіп, музыка, сәулет - мұның бәрі сол мәдениеттің қабаттары. Соныңс барлығында да исламның іздері бар. Дін мен мәдениет қатынасының негізгі табиғи болмысын ашып көрсету арқылы біздің жастарымызды, қоғамды дұрыс жолға бағыттауға тырысып жатырмыз, - дейді
профессор, философия және теология ғылымдарының докторы Досай КЕНЖЕТАЕВ.
Елімізде 18 конфессия мен 3700-ге тарта діни бірлестік бар. 70 жылдық атеистік идеологиядан кейін асыл дініміз қоғамға қайта оралды. Бірақ өзекті мәселелер де бар. Қоғам қайраткері Амангелді Айталы постсоветтік елдерде дінге қатысты бірнеше мәселенің өткір тұрғанын айтты. Олардың арасында имамдардың сауатсыздығы, мемлекет пен діннің емес, мемлекет пен діни бірлестіктердің қызметі алшақ болуы, дәстүрлі емес ағымдарды дұрыс зерттеу-зерделеу туралы түйіткілдер бар.
Өзінің түп-тамырын, ата тегін, салт-дәстүрі мен тарихын білмеу діни радикализмге соқтырады. Осылай ой қорытқан конференцияға қатысушылардың жұмысы түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасты. Айта кетейік, алдағы үш күнде республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары өңірдегі педагогтармен, ата-аналармен, діндар жамағатпен, имамдармен кездеспек.
Арман КУРМАНАЛИЕВ