Депресияға бейім, назары мен есте сақтау қабілеті төмен: депутат жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді шектеуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы кәмелет жасына толмағандарға әлеуметтік желіні шектеуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы укімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мен премьердің орынбасары Ермек Көшірбаевқа депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысын балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді көп қолданатыны мазалайды.
Депутат әлеуметтік желінің кесірінен жастар депресияға бейім, назары мен есте сақтау қабілеті төмендеп жатыр деп дабыл қағады. Ол жиында халықаралық Kaspersky Lab компаниясы жүргізген зерттеудің нәтижелерін тілге тиек етті. Зерттеуге сүйенсек, бүгінгі таңда қазақстандық балалардың 88% жеке смартфоны бар. Кәмелетке толмағандардың 28% бос уақытын телефонда өткізеді. Жасөспірімдердің 74% Tik Tok-та, 59% You Tube-ты көрсе, 57% Instagram қолданады. Елімізде әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желідегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейтін болып шықты.
– Ата-аналардың 62% балалардың экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай бағдарлама мен шектеу қолданбайды. 4 және 6 жас аралығындағы балалардың 17% интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін қауіп төндіретін айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр,- дейді мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.
Оңтүстік Корея мен Канада әлеуметтік желі мен телефонға деген зардаппен күресті қолға алған. Олар замануи орталықтар ашып, тәуелді болған жандарды сауықтыруды бастапты. Әлем елдерінің тәжірибесін айтқан депутат әлеуметтік желілерге тәуілді адамдардың психологиялық, физикалық және әлеуметтік қиындықтарға тап болып жатыр екен.
– Гонконг Қытай университетінің зерттеушілерінің нәтижесі бойынша интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіштері екі жарым есе жоғары. Депрессияға шалдығу үш есе көп болады. қазіргі таңда әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады,- дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Жарқынбек Амантайұлы еліміздің оқу-ағарту министрлігі, мәдениет және ақпарат министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесе жұмыс істеп, әлеуметтік желінің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, арнайы заң жобасын әзірлеуі керек. Халық қалаулысы ата-аналар үшін балаларының ғаламтордағы іс-әрекеттерін, уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынды.