28 августа 2017

Көне ғимараттар жаңартылуда

 Орал қаласының Достың даңғылы бойындағы ескі бөлігінде жаңғырту жұмыстары жүруде. Бір айдың ішінде осы аумақтағы 50 тарихи сәулет ескерткішін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жөндеу жұмысына бюджеттен бір тиын да бөлініп отырған жоқ. Қазір көне ғимараттар жекенің иелігінде болғандықтан, бұл іске тұрғындар мен кәсіпкерлер атсалысуда. Достық даңғылы бойындағы 50 ғимарат тарихи келбетіне сай келмейтіні айнықталған. Қасбетінің сылағы түсіп, кір-қожалақ болып, кейбірінің тіпті кірпіші мүжіліп, күтімсіз қалған. Негізінде қаланың ескі бөлігін жаңғырту идеясы 2 жыл бұрын көтерілді. Мұрағат деректері көмегімен ғимараттардың әр қалтарысы, түр-түсі қайта түрленді. Бірақ кейін бұл үйлер жекенің иелігінде болғандықтан, көбі қайтадан қараусыз қалды. Қазір сол олқылықтың орны толып, жөндеу жұмыстары басталды. - Осы үйлерде тұратын тұрғындардан және осы ғимараттарды жалға алған кәсіпкерлерден көп қолдау болды. Барлық шығын кәсіпкерлердің қаражатымен өтелді. Тұрғындар да түсіністікпен қарап, өздері сырлап-әктеуге шығып, көмек көрсетіп жатыр. Бюджеттен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Ауызбірлікпен жасалып жатқан жұмыс бұл. Орал қаласы - еліміздегі тарихы бай, көне сәулет ескерткіштері мол қалалардың бірі. Сондықтан, әсіресе, осы Достық даңғылы бойындағы ғимараттарды сол бірегей тарихи қалпында сақтап қалу – біздің мақсатымыз, - дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек ҚАЙСАҒАЛИЕВ. Бір кәсіпкерден екіншісіне өтіп, ақыры құт дарымай, азып-тозып, күтімсіз қалған мына ғимарат та қайта жаңғыртылуда. 19 ғасырдың сәулет ескерткішіне күрделі жөндеу жасалып жатыр. Бұзылып тасталған екінші қабаты да қалпына келтірілуде. Оның іргесіндегі аяқ киім жөндеу шеберханасы басқа жерге көшіріледі. Мұнымен қоса көшелерге жарық беру жұмысы да қатар жүрмек. Қала бойынша 844 жаңа тірек бағана орнатылады. - Жарықтандыру бойынша осы Достық даңғылы, Сарайшық, Ықсанов көшелері мен қаланың шыға берісіндегі әуежайға дейінгі 16 шақырым жолда жұмыс істеледі. Бұрынғы шамдардың бәрі светодиодтық шамдарға ауыстырылады, - дейді Алтынбек ҚАЙСАҒАЛИЕВ. Жөндеу-жаңғырту жұмысын қыркүйектің соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ғимарат қасбеттерінің түсі де ашық түске боялып, мейлінше бұрынғы тарихи келбетін сақтамақ. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp