Бүгін демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» облыстық коалициясының отырысы өтіп, мемелекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандарты талқыланды.

Жиналғандардың пікірінше латын әліпбиі, қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтауға мүмкіндік береді. Өйткені латын әрпі емле ережелері, фонетикалық тұрғыдан функционалды және оңай меңгеріледі. 25 таңбадан тұратын жаңа нұсқада қазақ тілінің дыбыстық жүйесі толық ескерілген. Дегенмен кейбір кірме қаріптердің қатарын әлі де қысқартуға болады дейді, - ғалымдар.
- Байқап қарасақ мұнда Ц, Ф, В және Ч деген әріптер бар. Енді сараптар болсақ Ч деген Т мен Ш, ал Ц деген Т мен С. Сонда екі таңба өзінен өзі түсіп қалады. Тағы бір артықтауы Х мен арабтан келген көмей Һ. Осындай жітімсіздіктер болғанмен, жазуға өте қолайлы дейді, - филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов.
Расымен де әріп азайған сайын, жазу мен сөйлеудің арасы жақындай түседі. Сондықтан латын әліппесіне ауысу, бірінші кезекте артық әріптерден арылу. Осы орайда 42 таңбаға негізделген кирилицаның қазақтың дыбыстық жүйесіне келтірген кеселі де жоқ емес. Орфографиялық заңдылықтар артып, төл тілімізбен қатар кірме сөздерге арналған ережелер пайда болды.
- Кирилл әрпінің көптеген жақсылықтары болғанмен, біздің дыбыс жүйеміз бұзылды. Біз орысша дыбыстайтын болдық. Біз Америка дейміз де, Қытай қазағы Әмрика десе шошып кетеміз. Негізі соңғысы дұрыс дыбыстау. Мәселен профессор сөзін прәфісір десек ыңғайсыз сезінеміз. Яғни өзіміздің дыбыс жүйемізді қабылдай алмайтын дәрежеге жеттік. Міне әріптің адамға әсері. Таңбаны көреміз, жазамыз. Қазір мектепте орфоэпия, яғни айтылу мәселесі екінші кезеңде тұрады. Бірінші сатыда орфография тұр. Бала қалай жазса, солай оқиды дейді, - филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр.
Әлемдегі алты түркі тілдес мемлекеттің төртеуі латын әрпін пайдаланады. Сондықтан жазу реформасы елімізді бауырлас елдермен жақындата түспек. Әрі латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие. Демек бұл бастама қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, технология тіліне айналдырады. Бұған қоса ағылшын тілін үйрену жеңілдеп, әлемнің әр түкпіріндегі қазақтардың өзара түсінісуі оңайлай түседі. Бұл жиналғандардың ортақ пікірі.
- Ауыл партиясы толығымен қостайды. Әрине қазақ үшін маңызды мәселе. Өйткені тіліміздің ерекшелігін айшықтайтын, дамытатын әліпби керек. Бұл жұмыста асығыстыққа жол бермей, ұсынылған нұсқаларды ақылдаса отырып таңдаған жөн дейді, - «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы БҚФ төрағасы Амангелді Баянов.
- «ҚКХП» БҚФ бірінші хатшысы Сүйінғали Ярылғасымовтың пікірінше, бұл түркі тілдес халықтармен жақындасу және батыс өркениетімен ықпалдасу. Сондықтан дұрыс шешім. Біздің партия бұл бастаманы қолдап отыр. Бұл істе қиындық болады деп ойламаймын. Қазірдің өзінде күнделікті өмірде латын әрпімен жазылған көрнекі құрылдарды, ақпараттарды кеңінен пайдаланып жүрміз деп қорытты өз ойын партия өкілі.
Жалпы бұл мәселе тәуелсіздік алғалы көтеріліп келеді. Сондықтан жаңа графиканы енгізу, уақыт талабы. Кездесудің қорытындысында облыс халқын әліпбиді талқылап, қабылдауға шақырған Үндеу жарияланды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ