Латын әліпбиіне көшу – болашаққа қадам

«Латын әліпбиіне көшу – болашаққа қадам». Осындай атаумен Оралда облыс жастарының латын әліпбиін қолдау форумы өтті. Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласынан туындаған жобаға сай шараға елге танымал қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым Дос Көшім, әдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай, жергілікті ғалымдар мен тілшілер де қатысып, тарихи сәт туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қазанның 26-сы – тарихи күн. Бұл күні Президент қазақ әліпбиін кириллицадан латын жазуына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Тарихқа үңілсек, қазақ халқы бастапқыда араб графикасына негізделген жазуды қолданған. Кейін 1929 жылдан бастап 10 жылдан астам латын әліпбиі пайдаланылды. Ал 1940 жылы кирилл графикасы енгізілді. Алайда бұл жазуда қазақ тіліне тән ерекшеліктердің, емле заңдылықтарының дұрыс сақталмауына орай тәуелсіздік алған жылдардан бастап латынға көшу мәселесі көтерілді. - Шындығында да, 39-шы жылы халықтың көзқарасын білмей, халықпен пікірлеспей, бір күннің ішінде кириллицана енгізген. Содан бері мен әліпбиімізді "орыс-қазақ әліпбиі" деп атаймын. Орыс әліпбин берді де, соған қазақтың төл дыбыстарын қосты. сонымен бізде 42 әріп пайда болды, 30-дан астам дыбыс қалды. бұл өте ыңғайсыз жағдай болды. Тілдің жүйесінде, әліпби жүйесінде қиындықтар болды. Орфоэпия, орфография саласы, басқа тілден сөз қабылдау тәсілі шетке ығысып кетті. Сондықтан бұл реформа арқылы қазақтың сөзжасау саласы, қазақтың сөздік қорының өзіндік дыбыстық жүйесінде қалыптасуы жоғары деңгейге көрілері айдан анық, - дейді саясаттанушы ғалым Дос КӨШІМ. Форумда сөз алғандар жаңа әліпбиге көшудің оңай болмайтынын, ол үшін әлі де уақыт қажет екенін тілге тиек етті. Президент жарлығында да барлық мәселені елеп-екшеп, соның ішінде ұсынылған әліпби жобасын әлі де жетілдіру үшін ұлттық комиссия құрылатыны айтылған. Латын қарпіне көшуге дайындық жұмыстары 2012 жылдан бастап жүргізілген болатын. "Латынға оралу – сананы отарсыздандырудың алғашқы баспалдағы" дейді қоғам қайраткерлері. Тәуелсіз ел өз таңдауын жасады. Енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған бастаманы әрі қарай жетілдіріп, жүзеге асыру – жастар еншісінде. - Латын қарпінің игілігі мен көкжиегі сол - жаңа өсіп келе жатқан буынның төл әліпбиді пайдалана білуі. Бұл біздің ғасырдан бері армандағанымыз. Бұл ХХ ғасырдың бас кезінде де көтерілген болатын. Енді, міне, араға қанша жыл салғанда қайтадан қауышып отырмыз. Сондықтан бұл латын әліпбиінен қорқудың қажеті жоқ. қайта оны үйренуге бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонда бұл ұлттық бірегейлік болады, - дейді әдебиет сыншысы, Ұлттық кітапхана қызметкері Елдос ТОҚТАРБАЙ. Форум соңында жастар латын әліпбиіне көшу идеясын, Елбасының тағдырлы, тарихи шешімін қолдайтындарын айтып, үндеу жариялады. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp