Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына мүдделіміз. Осындай ұран тастаған «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржылық қолдауымен екі күндік семинар ұйымдастырды. Оқыту сағаттарында нәзік жандарға бизнес жүргізудің әліпбиі үйретіліп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берілді.

Баян Сәрсенбаева бала кезінен ісмер екен. Енді, міне, тағдыр тәлкегіне ұшыраған шақта бұл қабілеті кәдеге асты. Осыдан үш жыл бұрын ол өз жобасымен «Даму» қорының қайтарымсыз грантын жеңіп алады. Жарты миллион теңгеге тігін мәшинелері мен маталар, өзге де қажет құрал-жабдықтар сатып алады. Әзірге шағын ательесінде екі адам жұмыс істейді. Бірақ тапсырыс көбейген кезде қасына тағы 3-4 тігінші жұмысқа алады. Ісмерлердің қолынан шыққан төсек-орын жабындары, көрпе тыс, нәресте киімдері көздің жауын алады.
- Тендерлерге қатысып тұрамыз. Бір-екі рет тендер ұтып алдық үлкен көлемде. Постельный белье тіктік. Сол кезде көмекке қыздарды шақырып тұрамын. Былтыр «Адал» базарынан басшылары бізге тегін бутиктен орын берді бір жыл бойына. Сонда өткіздік көп заттарымызды. Атырауға барып өткіздік. Қазір құрақ көрпе тігіп жатырмыз негізінен. Жайлап өтіп жатыр өз арамызда. Бірақ көбірек тапсырыс болса, жақсы болар еді, - дейді мойымаған ІІ топ мүгедегі, кәсіпкер Баян СӘРСЕНБАЕВА.
Мүгедек жандардың «Арба» қоғамдық бірлестігінде 209 адам бар. Соның тек Баян секілді 4-уі ғана кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл көрсеткішті көтеру үшін «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы «Даму» қорымен бірігіп, екі күндік семинар өткізді. Бизнестің әліппесін үйреткен сабақтардың берері мол дейді дәріс алушылар.
- Осындай тренингтер керек. Кәсіп ашқысы келетін біз секілді жастарға, әсіресе, пайдасы көп. Кейбіреу тігін-тоқымамен айналысқысы келеді, кейбірі дүкен ашқысы келеді. Бұл қыздардың мүмкіндігі шексіз екендігін көрсетуге үлкен серпін береді, - дейді «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айымгүл ИМАНҒАЛИЕВА.
Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ консультанты Әсел ҒАББАСОВА:
- Мұндай курстар мүгедек әйелдерге өмірде жаңа бетбұрыс жасауға, өз қабілеттерін ашуға көмектеседі. Және бойындағы күдік-күмәндарын жеңіп, өз ісін бастауға ұмтылдырады. Бизнестің бастауларын үйретеді, - дейді.
Мұндай оқыту тренингтері елдің бар аймағында бірдей ұйымдастырылады. Оған ең белсене қатысқан 180 әйелдің тең жартысы іріктеліп алынады. Кейін нәзік жандар бухгалтерлік есеп, кол-орталық операторлары, іс тігу, бизнес-жобаларды жасау, массаж, аспаз ісі секілді мамандықтар бойынша білім-білігін жетілдіреді.
Арман Курманалиев