16 августа 2018

Мониторингтік топтың отырысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Басты түйткілдің бірі - кадр тапшылығы. Өңірде 217 дәрігер жетіспейді. Осы орайда арнайы жасақталған жоспарға сай мәселені 3 жыл ішінде шешу көзделген. - Ұзақ мерзімді жоспарға сай жас мамандарды оқыту үшін жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінуде. Өткен жылы 24, биыл 19 маман білім алуда. Оқуын бітіргеннен кейін олар облысқа оралып, жұмыс істейді. Бұған қоса басқарма, Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетімен, Асфендяиров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетімен меморандумға отырды. Аталған меморандум аясында 117 жас маман жыл соңына дейін өңірге келеді, - дейді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев. Саладағы сыбайласқан жемқорлық деректерінің туындауына, жалақының төмендігі себеп. Бірақ бұл мәселенің де назардан тыс қалмағаны белгілі болды. - Жалақының төмендігі медициналық қызметкерлерді мазалаған өзекті мәселе. Ал дәрігерлерде жүктеме көп. Түйткілді шешудің жолдары қарастырылуда. Мәселен осы айдан бастап облыстық клиникалық аурухана қызметкерлерінің жалақысы 15 пайызға өсірілді, - дейді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев. Орал қаласындағы 30 медициналық мекеме мен 4 аудандық ауруханада жүргізілген мониторинг, біраз кемшіліктің бетін ашты. - Іс сапарға немесе оқуға кеткен дәрігерлерді алмастыратындар жоқ. Соған байланысты қиындық орын алады. Сондай ақ ақпараттық қамту бойынша да кемшіліктер бар. Оның ішінде мекеме ішіне көрнекті ақпараттар ілуде кемшіліктер кездеседі, - арнайы мониторингтік топтың мүшесі Виталий Колпаков. - Кемтар жандардың мүгедектік алу бойынша комиссияға ілігуі өте қиын. Іліккеннің өзінде медициналық тексерістен өтудің өзі мұң. Мүгедектігін дәлелдеу ұзақ та күрделі шаруа болып тұр. Сондықтан комиссияның құрамына медицинаға қатысы жоқ қоғамдық ұйым өкілдерін қосқан дұрыс деп білем, - дейді арнайы мониторингтік топтың мүшесі айгүл Туркина. - Расымен қабылдау кезінде мүгедектік тағайындамады немесе басқа санат берді деп келетіндер көп. Қазіргі таңда облыс әкімдігі мен екі министрлік арасындағы үш жақты меморандумға сай бұл істі цифрландыру іске асатын болады, - дейді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев. Қазір барша емхана дәрігерлері ашық есік принцпі негізінде жұмыс істеп, тұрғындарды кедергісіз қабылдауға жағдай жасалған. Ал №5-ші емханада облыста алғашқы болып арнайы кол орталық ашылды. Мұнда төрт оператор тұрғындардан түскен телефон қоңырауларына жауап қатады. Яғни, азаматтардың шағымын қабылдап, ұсынысын қабыл алады. Дәрігердің қабылдауына жазып, дәрі-дәрмек қабылдау бойынша кеңес береді. - Біздің жүйе арқылы барлық қоңырау кідіріссіз қабылданып, әр сұрақ бойынша нақты жауап беріледі. Мұның өзі тұрғындардың ұсынылған қызметке көңілі толып, медициналық сапаның артуына себепші болады. Барша дауыстық хабарламалар жазылып отырады, - дейді бағдарлама жасақтаушы компанияның өкілі Ардақ Ахметжанова. Емханалар мен медициналық пункттердегі мониторинг жыл соңына дейін жалғасады. Ондағы мақсат орын алған кемшіліктерді жою. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp