Қыс өзінің қыр астында екендігін сездірді. Қазан айының соңғы күндері жауған қар коммуналдық қызмет кәсіпорындарын біраз әуре-сарсаңға салды. Жолдар жабылып, электр желілері істен шықты. БАҚ өкілдерімен кездескен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Жайық Таза қала» ЖШС-нің өкілдері табиғаттың тосын мінезі келтірген келеңсіздіктерді қалпына келтіріп жатырғандығын мәлім етті. Брифингке қатысқандар сонымен қатар алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындықтың барысын да жариялады.

Орал қаласындағы жолдың жалпы ұзындығы 581 шақырым. Оны күтіп-ұстауға «Жайық таза қала» ЖШС міндетті. Серіктестікте қазіргі күні 108 техника, 600 адам қызмет атқарады. Қажет болған жағдайда тәулік бойы жұмыс атқаратын мобильдік топтар да құрылыпты. Алдағы қыстың қаһарына дайындық жұмыстары аяқталды, қажетті құрал-сайман, жабдықтар толық жеткізілді дейді серіктестік директоры.
- Көктайғақ жолдарға шашу үшін 15 мың тонна құм қоспа дайындалды. Оған 11 миллион 300 мың теңге жұмсалды. Ал, алаңдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпты ұстауға арналған бешорит ерітіндісіне 1 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, - дейді «Жайық Таза қала» ЖШС директоры БОЛАТ ӘМІРҒАЛИЕВ.
Биыл серіктестіктің материалдық техникалық базасын жаңғырту мақсатында тағы да 11 арнаулы техника алынатын болыпты. Бұл алдағы қыста жауатын қарды уақытылы жинап, тиісті орындарға жеткізуге сеп болмақ. Ал, бұған дейінгі қар тасымалданатын орындар саны тағы екі бірлікке артпақ. Бұл шығындарды азайтып, тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік береді деген болжам бар.
- Телеорталық, Анискин көлі, Орал гараж кооперативі және Асан ауылы тұсындағы орындарға, биыл Бортау мен Болашақ шағынаудандары тұсынан әрқайсысы 1 гектар болатын қосымша тағы екі арнайы қар төгетін аумақ белгіленді. Жауған қарды қала сыртына тасымалдауда бұл орындар техникаға жұмсалатын шығындарды азайтып, уақытты үнемдейтін болады. Кешеден бері осындай жерлерге 312 текше метр қар тасымалданды, - дейді Орал қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы БЕКЖАН ТОҚЖАНОВ.
Қыстан қымтырылмаймыз. Брифингте тілшілердің сауалдарына жауап берген жауапты мекеме өкілдері осылай деп мәлім етті. Сөз соңында олар техниканың жеткілікті, адамдардың да қажетті киім-кешек, құрал-сайманмен жабдықталғанын, қажет болса, қаладағы өзге де мекеме-кәсіпорындардан көмекке көліктер алатындығын айтты.
Акерке Абишева