Бұл жөнінде «Қазгидромет» РМК БҚОФ мәлімдеді. Жақында ғана жауған нөсер жауын кезінде қала аумағында және облыс көлемінде суға кеттік деп, көмек сұраған шақыртулар саны артқан болатын.

Жаңбырдың салдарымен күрес кезінде шаһардан коммуналдық кәсіпорын 1500 текше метр су сорғызған. Дауылды нөсер соңы ақ жауынға ұласып, 9 сағат бойы толассыз жауған болатын. Бұл жолғы ақ жауын тұрғындарды да, арнайы сала мамандарын да бір әбігерге салды. Қаланың ойпатты, арығы жоқ аудандарында жаңбыр суының деңгейі көтеріліп, үйге ену қаупі артқан. Дегенмен дер кезінде атқарылған жұмыс нәтижесінде нөсердің зардабы ауыр болмапты.
-"Нөсердің салдарын жоюға 17 арнайы техника мен 25 адамның күші тартылды. 1500 текше метр су сорғыздық. Тұрғындардан 28 қоңырау түсіп, шақырту бойынша жұмыс жасадық",-дейді "Жайық таза қала" ЖШС баспасөз хатшысы Ақболат Қатешев.
Дауылды нөсер кезінде 12 кәрі терек құлаған. Олардың орындарын тазаланып, жиналыпты. Қазгидромет мамандары алда мұндай табиғаттың тосын мінезінен келетін қауіп жоғын мәлімдеді. Облыс аумағында жауын-шашынсыз күн райы күтіледі. Осы апта соңына дейін температура жоғары қысым ықпалында болмақ,- дейді синоптиктер.
-"Ауа температурасы түнде 17-25 градус болады, күндіз 25-30, 30-35 градусқа дейін көтеріледі. 22-шілде күні 47 мм.-дей жерге дымқыл түсті, яғни 110 пайыздық айлық норма. 9 сағат бойы жаңбыр жауды. Бұдан бұрын 2005-жылы жаңбыр айлық нормадан 2 есеге көп жауған болатын",-деп мәлімдеді "Қазгидромет" РМК БҚОФ бөлім басшысы Татьяна Шилининг.
Айта кетейік, синоптиктер тәжірибесінде шілденің 23-жұлдызындағы ең салқын күн сынап бағанасының 5,6 градусқа төмендеуімен 1968 жылы тіркеліпті. Ал ең ыстық күн 40 градустық температурамен 1989-жылы орын алған екен.
Коммуналдық кәсіпорын мұндай табиғаттың тосын мінезінің салдарына тойтарыс беруге дайын екендерін айтады. Қолда бар техника мен құрал-жабдық кез-келген жағдайға сақадай сай тұрған көрінеді. Дымқылдың көп түсуінен кәрі ағаштардың шіріген діңгегі үгітіліп, құлау қаупі артып отырғаны мәлім. Осы мақсатта да қауіпсіздік жұмыстары қолға алыныпты.
Арман КУРМАНАЛИЕВ