Орал қаласында ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын талқылаған жиын өтті.

Биыл облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Агроқұрылымдарды қолдау мақсатында жеңілдетілген несиемен қатар, 54 түрлі субсидия беріледі. Мәселен, бұрын сиырға берілетін жәрдемқаржыны 175 қожалық алып келсе, қазір олардың саны үш есеге ұлғайып, 522-ге жетті. Нәтижесінде мал басы мен өндірілген ет көлемі ұлғайып отыр. Шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы нығайған. Соған қарамастан салада сан алуан мәселе бар. Солардың бірқатар жиында көтеріліп, нақты жауап берілді. Биыл өңірде аса қауіпті мал ауруының 4 дерегі тіркелген. Әрі көрші облыста белең алған нодулярды дерматит індетіне байланысты өңірдегі ірі қараны жаппай вакцинациялау жүргізілуде. Сондай ақ сарып індеті, төрт түлікті жалмап отыр. Жұқпалы індетке 6 700 ірі қара және 1800 қой шалдыққан. Сондықтан ветернарлық қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда.
Малдың ішкі тасымалына шектеу қою керек. Бұл іс тек ветеринарлық қызметтің бақылауымен орындалуы тиіс. Әрі ішкі істер органдарының қызметкерлерінің қолдауы қажет дейді, - ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Жомарт Нұркенов.
Ауылдағы ағайын үшін кооперацияның берері мол. Бірігу арқылы шаруалар нарықтағы бәсін арттырып, мемлекеттік қолдауға ие болады. Бүгінде аймақта ауылшаруашылығы коопертивтерін құру жоспары екі есеге артық орындалған.
Батыс Қазақстан облысында 21 ауыл шаруашылық кооперативін құру жоспарланса, қазіргі тіркелгені 51-ді құрайды. Алайда олардың тиісті қондырғылармен қамтамасыз етілгені алтау ғана дейді, ҚР АШМ департаментінің директоры Берік Ниғмашев.
Алдағы аптада ауыл шаруашылығы министрлігіне 11 өтінім түсіреміз. Оған барша құжаттар әзір. Қазіргі таңда министрлікте екі өтінім жолданды. Бұған қоса 6 сүт өңдеу кәсіпорны қоныдрғыларды алып, іске қосқалы отыр дейді, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Жиында мал азықтық дақылдар алқабын ұлғайту, қайта өңдеу кәсіпорындарын өндірістік қуатына жеткізу тұрғысындағы кемшіліктер айтылып, шешу жолдары талқыланды.
Екі сағат ішінде барлық мәселені қамту мүмкін емес. Сондықтан ұсыныстарыңыз болса беріңіздер, оның бәрі назарға алынады деді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Мырзахметов.
Арман КУРМАНАЛИЕВ