Облыс орталығы қысқа әзір. Қазіргі таңда қаладағы көппәтерлі 1175 үйдің 62 пайызына және әлеуметтік нысандар мен мектептерге жылу қосылған. Жылу электр орталығында болған облыс әкімі Алтай Көлгінов, дайындық барысын тағы бір мәрте пысықтады.

Жаз бойы жүргізілген жөндеу жұмыстарына 369 млн. теңге бағытталса, соның 280 млн. теңгесі жылу электр орталығына жұмсалған. Яғни 2 энергетикалық, 1 су жылытқыш қазандық күрделі жөндеуден өтті. Қазір орталықтағы 11 қазандықтың қызметі қалыпты. Бұған қоса үш насос алынып, Жайықтан су сорудағы түйткілдер жойылды. Әрі бұл лас суды өзенге кері құюды да тоқтатуға мүмкіндік береді. Алдағы жоспар да ауқымды.
- Алдағы уақытта үш кезеңдік модернизацияны іске асырамыз. Оған біз 6 млрд. 700 млн. теңге бағыттап отырмыз. Яғни аталған соманың бір бөлігін Үкімет бөлсе, қалғанын Еуропаның қайта жаңығырту банкінен алып отырмыз. Біздің мамандар техникалық зерттеулерді бітірді. Бірінші және бесінші турбоагрегаттар ауыстырылатын болады. Бұған қоса Жайық өзенінен су соратын құрылғылар тегістей жаңарды дейді, - облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Түрлі түйткілге тап болып, тасымалы екі жылға созылған «Хитачи» фирмасының құрал-жабдықтары «Жайықжылуқуат» кәсіпорынға жеткізілді. Енді жапондық 24 МВт болатын газтурбиналық қондырғыны жаңғырту қолға алынбақ.
- Жапондық жабықтар жеткізілді. Ендігі міндет газтурбиналық стансаны жаңғыртуды бастау. Тіпті бұл жұмысты жылыту маусымы аяқталған соң қолға алуымыз ықтимал. Қазір мамандармен ақылдасып, нақты шешім қабылдаймыз дейді, - облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Қазанның бірінші күнінен басталған жылыту мауысымы қалада қалыпты жүруде. Қазіргі таңда көппәтерлі 1175 үйдің 62 пайызына және әлеуметтік нысандар мен мектептерге жылу қосылған. Бұл уақытылы атқарылған жөндеу жұмыстарының нәтижесі. Саладағы өзекті мәселе - борышты қайтару. Қазір тұтынушылардың коммуналдық мекемеге берешегі 360 млн теңгені құрайды.
- Қарызы бар тұрғындардың пәтерлерін сатуға шектеу салдық. Мұндай ықпал ету амалы 491 пәтерге қолданылып отыр. Сондай ақ сотқа беріп, өндіріп алу да жандана түсті. Күні кеше коммуналдық ақысын жылдар бойы төлемей келген Трусова деген азаматша, 908 мың теңге көлеміндегі қарызын өтеп кетті. Борышкерлерге бұған қоса шетелге шығуға, автокөлігін пайдалануға да шектеу қойып отырмыз дейді, - «Жайықжылуқуат» АҚ директоры Мұрат Бәйменов.
Қазіргі таңда Орал қаласындағы жылу желілерінің 52,4 пайызы тозған. Биыл оның 8 шақырымы жаңғыртылды. Бұл жұмыс «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асуда.
Арман КУРМАНАЛИЕВ

Иллюстративное фото из архива "МГ"