Қаңтар мен қыркүйек аралығында жалпы құны 11,4 млрд. теңгенің 125 бизнес жобасы қолдау тапты.

Осы кезеңде облыс банктеріндегі несиелік портфель көлемі былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Жергілікті бюджетке 58,7 млрд. теңге түсіп, 4,9 пайыз өсімді көрсетті. Қаржы нарығындағы осындай оң көрсеткіштер саланың тұрақты дамуының нәтижесі. Төл мерекесінде қаржыгерлерді облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.
- Осы жылдары біздің жалпы ішікі өнімнің өзі еселеп өсті. Салыстыруға да келмейді. Өйткені ол кез бен қазіргі кезең арасы жер мен көктей. Өндіріс өрісті, табыс еселі. Бұл әрине ең алдымен Елбасы қабылдаған бағдарламалардың, сауатты ішкі және сыртқы саясаттың нәтижесі. Сондай ақ халқымыздың бірлігінің арқасында мүмкін болған игілік деп білем. Осы орайда қаржы саласы өкілдерінің де өңірді өркендеуге қосып отырған үлесі де өлшеусіз. Сол үшін сіздерге алғыс білдіреміз, алдағы уақытта да жақсы жетістіктерге жете беріңіздер деді, - облыс әкімі Алтай Көлгінов.
15 қараша - төл теңгеміздің айналымға енген күні. Тарихи оқиғаны іске асыру, елеулі еңбек пен қаржыны талап етті. Өйткені енді ғана егемендік алған елдегі экономикалық жағдай қиын болатын. Соған қарамастан тәуелсіз елдің нышаны - ұлттық валюта қолданысқа енгізу ойдағыдай орындалды.
- Теңгені айналымға бірден енгізу оңай болмады. Өйткені 1991 жылы егемендік алғанмен жан жағымызға қарайлауға тура келді. Бұл шаруа екі жыл өткен соң, 1993 жылы іске асты. Бірақ бұл тосын жағдай емес еді. Төл ақшамызды қолданысқа енгізу жолында Елбасы, Үкімет, Ұлттық банк тиянақты дайындық жүргізді дейді, - 40 жыл ғұмырын банк ісіне арнаған ардагер Борис Ізбасаров.
Осы орайда маңызды шаруаны орындалуда оралдық қаржыгерлердің де бір кісідей атсалысқанын айта кеткен жөн.
- Теңге тиеген «Ил-76» ұшақтары қонған еліміздегі бірінші қала – Орал болыпты. Өйткені Еуропаға бір табан жақын. Борис Ізбасаров басқарған ұжым сол кезде жүктелген міндетті мүлтіксіз атқара білді. Тіпті кассирлеріміз 7 күн бойы үйіне бармастан еңбек етіпті дейді, - «ҚР Ұлттық банкі» АҚ БҚОФ директоры Қозыбақ Құлбарақов.
Тағы бір жетістік, теңгенің дизайны мен қорғалуына қатысты. Үш жыл қатарынан Халықаралық банкноттық қауымдастық ұлттық теңгені «жылдың үздік банкнотасы» деп таныды. Алқалы жиында саланың жетістіктері сөз болып, қаржы нарығының өркендеуіне үлес қосқан жандар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ