03 декабря 2017

Орал қаласында апатты үйлердің мәселесі шешіліп келеді

Оралда апатты үйлердің мәселесі шешіліп келеді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мүмкін болып отыр. Қазір шаһарда әбден тозығы жеткен жеті үй бұзылып, сүрілген. Орнына тоғыз қабатты баспаналар салынып жатыр. Олардың бірі осы күзде, қала күні қарсаңында құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Қазір қалған апатты үйлердің орнына салынып жатқан тұрғынжайлардың құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Осылайша қаладағы 43 апатты үйдің мәселесі 2020 жылға дейінгі апатты үйлерді қайта салу бағдарламасы бойынша шешілмек. Гагарин көшесіндегі тоғыз қабатты 126 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жазда басталған. Баспана жаңа технология негізінде салынып жатыр. Тұрғынжай келер жылы тапсырылады. - Каркастың өзі 80 пайызға дейін бітті. Бірінші және екінші қабатты кірпішпен өріп жатырмыз, - дейді инженер Ұшқын Хафизов. Қала әкімі іс басында болып, құрылыс сапасын қадағалады. Мұрат Мұқаев апатты үй тұрғындарынан артылған пәтерлерді келешекте "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" арқылы коммерциялық негізде саудаға шығаруға болатынын айтты. Құрылысшыларға бірінші кезекте сапаға назар аудару қажеттігін ескертті. 108 пәтерлік 5 қабатты үйдің құрылысы да осы жазда басталған. Бұған осы аймақта сүрілген үш екі қабатты апатты үйдің тұрғындары қоныстанбақ. Қазір отбасылар уақытша баспанада тұрып жатыр. - Үйдің ішкі жұмыстары қалды. Обойлап, еденін төсеп, кафелін қондырамыз. Қажет тұсын сырлаймыз. Тұрғындардың жағдайына да қараймыз. Егер зейнет жаста болса, бірінші-екінші қабаттан береміз пәтерлерді. Олардың бұрын тұрған пәтерлеріне қарағанда жаңа қоныстың шаршы метрі үлкендеу болады. Қолданылған құрылыс материалдарының 90- пайызы - өзімізде өндірілетін бұйымдар, - дейді «Орал Полимер» ЖШС директоры Роберт ИРМЕНОВ. Құрылыс алаңында 80-нен астам жұмысшы еңбек етуде. Құрманғазы көшесіндегі тағы бір 9 қабатты үйдің құрылысы да қарқынды. 72 пәтерлік бұл нысан да мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Бұл баспанаға кезектегі және апатты үйлер тұрғындары, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары қоныстанады. - Осы жерде, осы аумақта жақсы үй болады, бұйырса, келесі жылы. Құрылысшы компания, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысып жатырмыз, - дейді «ҚАЗ ХОЛЛ» ЖШС жетекшісі Тимур Әмен. Үш үй де келер жазда тапсырылмақ. Қала бойынша апатты деп табылған 43 үйдің жетеуі биыл бұзылды. Ал сегізін келер жылы сүру жоспарланған. - Қазіргі таңда бұл салада төрт мердігер жұмыс атқарып келеді. Олар жергілікті компаниялар. Мемлекет тарапынан, яғни біз тапсырыс беруші қалалық әкімдік инфрақұрылым желілерін тартып береміз. Яғни, кәріз, сә, газ жүйелерін. Абаттандыруды да жасап береміз. Ал мердігерлер өз қаражатына осы үйлерді салып, апатты үйлер тұрғындарына береді. Ал қалған пәтерлерді коммерциялық негізде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрғындарға сатуға құқылы, - дейді Орал қаласының әкімі Мұрат МҰҚАЕВ. Келешекте де көне үйлер бұзылып, орнына жаңасын салу жалғасады. Айналасы абаттандырылып, балалардың ойын алаңдары, спорттық алаңқайлар, өзге де тұрмыстық нысандар салынбақ. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp