Соның арқасында жол құрылысының сапасы бұрынғымен салыстырғанда жоғары, берік болады деп күтілуде.

Мамандар бұл әдіс жол сапасының жоғары әрі берік болуына септігін тигізеді дейді. Биыл шаһарымызда жоспарланған 67 көшенің 41-і жөнделіп аяқталыпты. Айта кетейік осы мақсатқа 9 млрд.тай қаражат бағытталған болатын.
Жаңа технологиямен салынған жол 10 жыл мерзімге дейін қызмет етеді деп кептілдік берілген. Биыл қалада ұзындығы 71 шақырым болатын 67 көшенің жолын жөндеу жоспарланса, оның қазір 43-інде жұмыс біткен. Қазір тағы 5 көшеде жөндеу аяқталуға таяп қалған. 13 көшеде атқарылу үстінде, ал 6 көше жолын тәмамдау келесі жылдың еншісінде. 67 көшенің ішінде 4 көше Желаевта, 5 көше Зашағанда, Деркөлде 4, Круглозерныйда 3 көше орта және күрделі жөндеумен қамтылған. Осылаша биылғы жоспар қазір 70 пайызға орындалыпты. Мердігерлер 2-3 маусымда жұмыс атқаруға көшкен.
Тілшілермен кездескен қала әкімі Мұрат Мұқаев қаражаттың игерілу барысын қадағалап отырғанын мәлімдеді. Осы мақсатта Фрунзе көшесінің бойындағы жол жөндеу жұмысымен, Ғабдолла Тоқай көшесіндегі жаяу жүргінші жолының салыну барысымен танысты. Сонымен қатар, Шаған өзені жағалауындағы көпір мен жаңа технология арқылы Жәңгір хан көшесіндегі көлік жолын жөндеу барысына арнайы барып қанықты.
Мердігер кәсіпорынның зертхана меңгерушісі Гүлсара Кубекова мұндай технология бұрын әуе айлақтарында қолданылғанын айтады. Жолға салынатын қоспа құрамының 90 пайызы қиыршық тастан тұратын көрінеді. Бұл технология –«Қиыршық тасты мастикалық асфальтты бетонды жамылғы» деп аталады. 5 көшеге осы әдіс қолданылмақ.
-«Қаламызда 600 шақырымға жуық ішкі жол бар. Соның тең жартысында, яғни 300 шақырымында қатқыл табанды жол жоқ. Ал қалған 300 шақырым қатқыл табанды, яғни асфальт-бетонды жолдың тең жартысы жөндеуді қажет етіп тұр. 150 шақырымның 72 шақырымын күрделі және орта жөндеуден өткізіп жатырмыз. Соның ішінде 30 шақырым жаңадан салынды. 300 шақырымның 10 пайызын биыл салып отырмыз. Олардың қатарында Деркөл кентіндегі ПДП 1, Жұлдыз шағын ауданындағы жолдар бар. Жәңгір хан көшесіндегі бұрынғы ескі асфальтты ашқанда қиыршық тас жоқ боп шықты. Оның орнына топырақ салыныпты»,-деді өз сөзінде Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.
Бұрын аэродромдарда қолданылған жаңа технология қаламызда бірнеше жол құрылысында пайдаға жарамақ. Биыл облыс орталығы жолына 9 млрд.тай қаржы бағытталып отыр. Барлық жөндеу қазан айында тәмамдалуы тиіс.
Арман КУРМАНАЛИЕВ