Мұз сарайшығы алдына қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері спортшылар мен қайғылы жағдай қабырғаларын қайыстырған жастар жиналды. Мұз үстінде мың бұрала мәнерлеп сырғанаудағы шеберлігімен күллі әлемнің көзайымына айналып, елінің сүйікті ұлы, жастардың үлгі тұтар тұлғасы болған Денис Тенді көпшілік ажалға қия алар емес. Отбасының қайғысына ел болып ортақтасқан бұқара дара спортшының рухына тағзым жасап, суреттерінің қасына гүл шоқтары мен шырақтар қойды.

Денис Тен 19-шілде күні Алматы қалалық ауруханасында көз жұмған болатын. Көлігіне жасалған шабуыл кезінде ол қарақшылардың қолынан жарақат алып, 3 литр қан жоғалтқан. Өкінішке орай, дәрігерлер Денисті ажалдан арашалап қала алмады. Ол ауруханада жасалған отадан соң қайтыс болды.
-«Қысқа ғана 25 жыл ғұмырында күллі әлемге танылып, еліміздің спорт саласына да сүбелі үлес қосып кеткен Денис баршамыздың есімізде мәңгілікке сақталады. Ол жас болса, аз ғұмырында есімін ел есінде қалдырып кетті. Болашағынан зор үміт күттірген бала еді. Бар өмірі алда болатын. Сап-сау жүрген адамның бір сәтте о дүниелік болғаны өзекті өртейді. Амал қанша? Тағдырдың жазғанына шара бар ма?»-дейді қайғырған қала тұрғындарының бірі Азамат Мұрадымов.
Мұз сарайы алдында марқұмға арналған естелік бұрышы жанында тұрғындар кешке дейін аза тұтты. Осы спорт түрімен шұғылданатын, артынан ерген жастар үшін Денистің өнері мен жетістігі үлгі болып қала береді.
-«Мен Денис Тенді жақсы көремін. Соған еліктеп өстім. Қазір 11 жастамын. Кішкентай кезімнен мәнерлеп сырғанаумен айналысамын. Дарынды спортшы Оралға келгенде бізбен кездесті. Сол кезде мен қатты қобалжып, айтқым келген сөзімді айта алмаған болатынмын. Себебі бізге сондай жанмен кездесу бір бақыт болды. Кеше ата-анамнан жағдай естігенде сенбедім. Денис Тен ауруханадан жазылып шығады деп ойладым. Артынан ғаламтордан оның қайтыс болғанын естім, жүрегім ауырды. Түнімен ұйықтай алмай шықтым»,-дейді жас спортшы Айкүміс Абутаева.
Қазіргі күні Денис Теннің өліміне қатысты ҚР қылмыстық кодексі бойынша іс қозғалып отыр. Күдіктілердің бірі қолға түсіп, ол Денис Тенді өлтіргенін мойындапты. Екінші қылмыскерді іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Тергеу жұмысын билік қатаң түрде бақылауда ұстайтынын мәлімдеп, құзырлы орган басшыларына арнайы тапсырма берді.
Арман КУРМАНАЛИЕВ