Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен қала күні қарсаңында Зачаган кентінде 90 пәтерлік 5 қабатты екі тұрғын үй тапсырылды.

Иллюстративное фото из архива "МГ"
Оның біреуі мемлекеттік «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша баспанаға ие болғандар. 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 2014 жылы басталған құрылыс нысандары биыл аяқталды. Баспанаға ие болған тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аутынша, Елбасының бастауымен Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері көптеген табыстарға қол жеткізді. Тек құрылыс саласының өзінде Орал қаласында осы кезеңде 60 мектеп, 16 балабақша, ал осы Зачаган кентінде соңғы жылдары көп қабатты 17 тұрғын үй бой көтерді. Алдағы уақытта бұл маңдағы мұндай тұрғын үйлер саны қырықтан аспақ. Бұдан бұрын әрқайсысы 1200 орындық қос мектеп, 360 орындық балабақша, №6 емхана, «Арман» дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылса, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай осы шағынауданда үлкен саябақ ашылады.
Көптен күткен пәтерлерінің кілті қолдарына тиген тұрғындардың қуаныштарында шек жоқ. Үйі жоқтың күйі жоқ деген. Баспаналы болдық, жұмысымыз бар. Енді алаңсыз еңбек ететін болдық. Бұл, біз сияқты жас отбасылар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдау дейді жұбайы мен екі бүлдіршінін алып, жаңа пәтеріне енген Рустам Сәлімов.
- Осындай бағдарлама үшін Елбасымызға, Үкіметімізге алғыс айтамын. Үй жақсы, кең, жарық. Тәуелсіздік мейрамы есімізде ұзақ сақталатын болды.
Бұл күні өз иелеріне тағы бір 90 пәтерлік үй табыс етілді. Оның жартысына баспана кезегіндегі тұрғындар қоныстанса, қалған 45 пәтер «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің» салымшыларына берілді. Қаражат жинап, бірден қалаған баспанаңды сатып алу бәріне бірдей мүмкін емес. Бірнеше жыл салым жинап, уақыты келгенде үйлі болу үшін бұл өте қолайлы дейді қоныс иелері.
- «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне» үш жыл қаржы салдым. Қалған қаражат несие арқылы берілді. Қуанышым қойныма сыймай тұр, - дейді Асылбек Досқалиев.
Қалада мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес 20 үй салынып жатса, соның 13-і биыл тапсырылмақ. Бұл 5 мыңнан астам тұрғын қоныстойын тойлайды деген сөз. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес салынып жатқан 9 үйдің құрылысы жыл соңында біткен кезде 986 тұрғын пәтермен қамтамасыз етіледі. Ал 7 үй 2017 жылы іске қосылады. Осылайша баспана кезегінде тұрған 16 мың оралдықтың арманы біртіндеп жүзеге аспақ.
Арман Курманалиев