Күн тәртібінде қаралған басты мәселе-күллі елді шулатқан 8 жасар Николайдың тәртібі.

Қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржановтың төрағалығымен өткен жиынға көлікке әуес балақай мен оның әкесі, тәртіп сақшылары, білім бөлімі басшысы мен мектеп мұғалімдері қатысты. Комиссия мүшелері егер осындай әрекет тағы бір мәрте қайталанса, Николайдың әкесін ата-ана құқығынан айыратынын ескертті.
Николай Керцман өзгенің көлігін рұқсат тізгіндеп, 3 рет жол-көлік оқиғасына тап болған еді. Кішкентай балақай осылайша бір аптада әкесін 1 млн 400 мың теңге шығынға батырды. Бұл көлік иелеріне ғана келтірілген залал. Аталмыш факті бойынша көлік ұрлығы үшін қозғалған қылмыстық іс баланың жас ерекшелігіне байланысты тоқтатылған болатын. Қазіргі күні оның ата-анасына қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 140 бабы бойынша іс көтеріліп отыр. Мектеп директорының айтуынша, бала жақсы отбасыдан шыққан. Сабақ үлгерімі қанағаттанарлық, өте белсенді. Баланың өзі алғашқы рет көлікті рұқсатсыз айдап кетуге алтыншы сынып оқушысы Никита есімді баланының үгіттегенін айтады.
-«Мен осы жазда балама не болғанын білмеймін. Мүлдем өзгеріп кетті. Көз ілеспейді. Үй алдына балалармен ойнауға шығып, жоғалып кетеді. Мен тіптен білмеймін оған не әсер еткенін. Жасы үлкен балалардың ықпалы болды ма, әлде компьютерлік ойындарға еліктейді ме? Көлік ұрлағанын естігенде жүрегім ұстиап қалдым. Бұрын алыс жолға жүк көлігін айдап жүрдім. Қазір жүргемі ауратындықтан мүгедектік алып, үйде отырмын»,-дейді Николайдың әкесі Александр Керцман.
Енді аталмыш жағдай қайталанатын болса баланың әкесі ата-ана құқығынан айрылып, Николай мемлекеттің қамқорлығына алынады. Елді дүрліктірген бұл оқиғаның соңы қайғылы аяқталуы әбден мүмкін еді деді комиссия өкілдері.
-«Баланы және оның отбасын жергілікті полиция қызметі, жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция қатаң бақылауға алсын. Бір ай бойы, сабақ басталғанша күн сайын қадағалап, барып тұрады. Психолог баламен жұмыс жасайды. Арнайы мектепке жазуға баланың жасы келмейді. Сондықтан мектеп ішілік есепке алынуы керек. Қазір ата-анасы әкмішілік жауапқа тартылады. Ал тағы бір мәрте осындай жағдай қайталанса, әңгіме басқаша болады. Яғни ата-ана құқығынан айыру мәселесі көтеріледі»,-деді отырысқа төрағалық еткен қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов.
Енді Николай көліктерді ұрлап, тентектік жасамауға уәде етті. 3 жағдайда да жүргізушілер көлік есігін ашық, кілтін аузында қалдырып кеткенін айта кетейік.
Арман КУРМАНАЛИЕВ