Нефтебаза ауданындағы автокөлік көпірінің жабылатыны жөнінде алдын ала хабар таратылды. Қала тұрғындарына уақытша қолайсыздық кезінде діттеген жеріне жететін өзге қозғалыс сұлбасы ұсынылып отыр.

cof
Биылғы жыл кептеліссіз көшеде емін-еркін жүріп үйренген жүргізушілерге оңай тимеді. Жақында ғана Депо ауданындағы көпір ашылып, тыныстары кеңіген темір тұлпар иелері алғашқы күні қалың көлік нөпіріне тап болып, біраз жүйкелерін жұқартты. Дегенмен жол сақшылары жол бойында қозғалысты реттеуді таң ала көлеңкеден қолға алған. Осындай жағдай боларына дайындалып, ертерек қамданған əкімдікте шаһар басшысы Мұрат Мұқаев қандай жұмыс жасалғанын баяндады.
-"Автокөлік жүргізушілеріне ыңғайлы жағдай жасау үшін биыл көп жұмыс атқарылды. Соның ішінде негізгі жолдар жанына оң бұрылыстар салынды. Осындай оң бұрылыс 6 көшенің қиылысында бар. Жалпы саны 16 оң бұрылыс салынып, қазір жұмыс жасап тұр. Атар айтар болсақ, біреуі Штыбы көшесінің бойында орналасқан. Омега зауытынан келе жатырғандағы жолда. Екіншісі Шолохов пен Тюленин көшесіндегі 2 оң бұрылыс. Ал Шолохов пен С.Датов көшесінің қиылысында бұрынан 4 бұрылыс болатын. Оған қоса Əбілхайыр хан даңғылы мен С.Датов көшесінің қиылысында 4 жаңа оң бұрылыс салынған. Гагарин мен С.Датов көшесі қиылысында 3 оң бұрылыс болса, тағы 2 оң бұрылыс Əйтиев пен Еуразия даңғылының қиылысында орналасқан",-дейді қала əкімі Мұрат Мұқаев.
Осылайша оң бұрылыс көмегімен бағдаршамның қызыл түсіне аялдайтын көліктер саны қысқарып, оң қапталға бағыт алғандар кедергісіз қиылыстан өтіп кете алады. Көпір 2 жыл ішінде толықтай бұзылып, орнына жаңасы бой көтермек. Қазір бұзып бастаса, күн жылына ірге тасы қаланып, құрылысшылар іске кіріспек. Екі жолақты көпір ені төрт жолаққа ұлғаяды. Ұзындығы артып, жаяу жүргінші жолы, жарық шамдары салынады. Күрделі жұмыс тəжірибелі кəсіпорынға сеніп тапсырылған.
Қала ішінде кептелісті болдыртпас үшін кей көшедегі жол ережелері өзгерген. Сондықтан жүргізушілер жол белгілеріне мұқият зер салғандары дұрыс.
-"Бұрын Мұнайшылар, Чуриков, Есенжанов көшелерінде бір бағыттық қозғалыс болса, енді өзгеріс енгізілді. Автокөліктер бұдан кейін 2 бағытта, бір-бірлеріне қарама-қарсы қатынайтын болады",-деп хабарлады БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері Кəмшат Рахым.
Арман КУРМАНАЛИЕВ