Орал қаласында славян жазуы мен мәдениеті күндері өтті

Алтыншы рет ұйымдастырылған шараны алдымен көрме айшықтады. Онда славян халықтарының көне кітаптары мен жас суретшілердің туындыларын қойылды. Достық үйіндегі ғылыми-тәжірибелік конференцияда, ғалымдар славян мәдениеті мен жазуының негізі жайлы ой қозғады. Басқосуға орыс, украин және белорус бірлестіктерімен қатар өзге ұлыстардың өкілдері де қатысты. - Конференцияға қаламызда тұратын барша этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысуда. Мұндай шара қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, бірлікті нығайта түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Келешекте маңызды шараға аудандарды шақыру жоспарланып отыр, - дейді Орыс мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин.  Шолохов мемориалдық музейінің директоры Ольга Чеканова, әйгілі жазушы шығармаларының мән-маңызына тоқталды. Донда казакпын, Жайықта қазақпын деген дара тұлға, өмірден өткенше қазақ халқына деген құрметін, алғысын жасырған жоқ. Өйткені соғыс жылдары осы төңірекке қоныс аударған жазушының жанұясына жергілікті тұрғындар қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан еді. Қаламгердің көптеген кесек туындылары осы жақта дүниеге келген. Музей, бірнеше жылдан бері мектеп оқушылары арасында «Шолохов ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырып келеді.  - Біздің музей, Шолохов есімімен аталған тұңғыш мәдениет нысаны. Тіпті туған жеріндегі мұражайдың өзі жазушы дүниеден өткен соң ашылған. Мұнда қаламгердің Жайық жеріндегі өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталған. Сондықтан да музейге келушердің қарасы қалың. Оның ішінде елімізбен қатар көршілес Ресейден де қонақтар көп, - дейді музей директоры Ольга Чеканова.  Конференцияда славян халықтарының тұрмысы, өнері, әдет-ғұрпы туралы баяндамалар оқылды.  - Менің баяндамам украиндықтардың халық әндеріне, музыкалық жанрларына арналды. Украинаның әр жерінде ән-күй өнерінде өзіндік ерекшеліктер бар. Соған қарамастан ортақ славян өнері арасында аса көп айырмашылық жоқтың қасы. Өйткені мәдениетіміз ұқсас, - дейді «Еднання» украин орталығы хорының жетекшісі Лариса Григорьева.  Конференция фестивалге ұласты. Жиналған жұрт орыс ұлтының ұлы әншісі Федор Шаляпинді еске алып, туындыларын ұйып тыңдады. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp