27 августа 2018

Орал қаласында тамыз кеңесі болып өтті

Теdх форматында ұйымдастырылған тамыз кеңесінде қалалық білім беру ұйымдарының ұстаздары бас қосты. Төртінші өнеркәсіптік революзия жағдайындағы адам капиталын арттыруды мақсат тұтқан жиында педагогтар жаңа оқу жылында енгізілетін жаңашылдықтар жөнінде толғап, білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерге тоқталды. Биыл мектеп оқушылардың санының артуына байланысты педагог кадрлардың да сан артқан. Мектеп қабырғасында осы оқу жылында 3738 мұғалім қызмет етпек екен. Қала мұғалімдері электронды күнделікті пайдалану, ғаламтор арқылы жұмыс жасау басымдықтарына көңіл бөліп, енгізілген жаңашылдықтарды игеруде. Қағазбастылықтан арылу үшін электронды форматқа көшудің ұстаздар алдындағы бір міндет болып отыр. -« Биыл қосымша білім беру саласына 100 жыл толып отыр. Яғни, осыдан бір ғасыр бұрын мектеп оқушысына білім берумен қатар музыкаға, спортқа, туризмге баулу мақсатында қосымша сабақтар оқытыла бастады. 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын енгізген болатын. 25 жыл аралығында 12 мыңнан астам студент әлемнің үздік университеттерінен білім алып, қазір еліміздің әр саласында қызмет етіп жүр. Дарынды балаларға арналған мектептердің ашылғанына 20 жыл және Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылғанына 10 жыл толып отыр. Елбасының білім мен ғылымды жүйелі қолдауы өз нәтижесін көрсете бастады. Бүгінгі тамыз конференциясын пайдалана отырып, білім беру саласындағы үш мәселені алға тартқым келеді. Біріншіден, кәсіби мамандарды даярлау мәселесі. Шетелдің үздік оқу орындарында студент соңғы курсқа көшкенде әр түрлі компаниялардан жұмысқа шақыру ұсынысы түсіп жатады. Болашақта қаладағы екі-үш колледжге инвесторлар тартып, ондағы мамандарды сұранысқа ие еткіміз келеді. Сәйкесінше, кәсіптік колледждердегі ұстаздардың білімі мен білігін шетелде арттырғымыз келеді. Күзде кәсіптік лицейлердің 10 мұғалімі Финляндияға барып, Building Information Modeling технологиясы бойынша білімін жетілдірмек. Яғни, біз құрылыс нысанын салатын болсақ, ғимараттың биіктігін, ұзындығын, құрылғылардың тұратын орнын 3D форматта көрсететін бағдарламаны, жобаны үйреніп келеді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс бізде қағаз жүзінде ғана жүзеге асуда. Біз ұстаздардың біліктілігін заманауи талаптарға сай жетілдіруге жағдай жасасақ, олар болашақ ұрпақты жаңа технологияны игеріп кете алатындай тәрбиелейді. Екінші мәселе, цифрландыру. Цифрландыру - білім беру саласындағы сапа мен ашықтықты қамтамасыз етеді»,-деді кеңесте сөз сөйлеген БҚО әкімі Алтай Көлгінов. Ата-ана балабақшаға баласын онлайн режімде-ақ орналастыра алады. Білім сапасын жақсарту үшін заманауи талаптарға сай шаралар легі атқарылып жатыр. Өткен оқу жылында 3 мектеп қолданысқа беріліп, 50 бөбекжай қызмет етуде. Сондай-ақ, шаһар көлемінде 49 жекеменшік бөбекжай жұмыстанып жатыр. Биылғы оқу жылында білім беру саласында жаңашылдықтар көп. Білім беру ұйымдарында "it" кабинеттері жасақталмақ. Жиын барысында қала мектептерінің 44-інде уай-фай аймағы орналасатыны айтылды. Шаһар педагогтары бас қосқан жиында үздік білім ордалары мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне үлес қосуда еңбегі сіңген ұстаздар ескерусіз қалмай, марапатқа ие болды. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp